Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар–шілде айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6,3%-ға артты. Бұл өсімге тауар өндіру көлемінің 8,3%-ға, қызмет көрсету секторының 5,2%-ға ұлғаюы ықпал етті. Ең жоғары қарқын көлік пен сауда саласында тіркелді. Өнеркәсіп өндірісі 6,9%-ға өсті.
ЖІӨ өсіміне ең көп үлес қосқан салалар: көлік және қойма – 22,5%, құрылыс – 18,5%, көтерме және бөлшек сауда – 8,6%, тау-кен өнеркәсібі – 8,5%, өңдеу өнеркәсібі – 6,1%.
Көлік және қойма саласының көрсеткіші теміржол, құбыр желілері және автомобиль көлігімен жүк тасымалы көлемінің жоғары болуына байланысты 22,5%-ға өсті.
Құрылыс секторында жұмыс көлемі 18,5%-ға артты (2025 жылдың қаңтар–маусымындағы 18,4%-бен салыстырғанда). Түркістан облысында (+34,6%) мектептер, теміржол желілері және автожолдар құрылысы, Ақтөбе облысында (+25,6%) жайлы мектептер құрылысы мен жолдарды реконструкциялау, Жамбыл облысында (+13,1%) және Шығыс Қазақстан облысында (+5,9%) тұрғын үйлер, медициналық нысандар және электр желілерін салу жобалары өсімге үлес қосты.
Сауда көлемі 8,6%-ға өсті (2025 жылдың қаңтар–маусымында 8,4%). Есепті кезеңде көтерме сауда 9,5%-ға өсіп, жалпы өсімнің 66%-дан астамын қамтамасыз етті. Бөлшек сауда 6,6%-ға артты. Айтарлықтай динамика Қостанай облысында (+17,6%), Солтүстік Қазақстан облысында (+12%) және Астанада (+9,2%) байқалды. Бұл аймақтарда астық, агрохимия, азық-түлік, отын, фармацевтика және техника сатылымы қарқынды артты.
Өнеркәсіп өндірісіндегі өсім – 6,9%. Барлық өңірде оң динамика тіркелді. Көшбасшылар – Жамбыл облысы (+18,2%), Солтүстік Қазақстан облысы (+14,9%), Шымкент (+15,8%), Алматы (+13,5%) және Түркістан облысы (+12,3%). Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 6,1%-ды құрап, оны машина жасау (+14%), азық-түлік (+9,2%), мұнай өнімдері (+8,6%), химия өнеркәсібі (+6%) және металлургия (+1,3%) қамтамасыз етті.
Ауыл, орман және балық шаруашылығы өндіріс көлемін 3,7% деңгейінде сақтады. Мал шаруашылығында сүт өндірісі (+6,1%), мал мен құс бордақылау (+2,1%) және жұмыртқа өндірісі (+0,9%) арқасында өсім 3,4%-ға жетті.
Үкімет экономиканың негізгі салаларын қолдау, оны әртараптандыру және инвестициялық белсенділікті ынталандыру арқылы тұрақты өсімді қамтамасыз ету жөніндегі Президент тапсырмаларын орындауды жалғастыруда.
«Жетісу-Ақпарат»





