2026 жылғы 24 маусымнан бастап Қазақстанда 2012 жылы шығарылған 2000 теңгелік банкноттың айналым мерзімі аяқталады. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкі мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ұлттық банктің түсіндіруінше, айналым мерзімі аяқталғаннан кейін аталған банкноттармен төлем жасау және оларды сауда орындарында қабылдау тоқтатылады. Дегенмен азаматтар ескі үлгідегі ақшаны жаңасына айырбастай алады.
Ведомствоның мәліметінше, екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» бөлімшелері 2012 жылғы үлгідегі 2000 теңгелік банкноттарды тағы үш жыл бойы жаңа үлгідегі банкноттарға айырбастайды. Ал Ұлттық банктің филиалдары мұндай айырбастау қызметін мерзімсіз жүзеге асырады.
Айта кетейік, бұған дейін 2012 жылғы үлгідегі 10 000 теңгелік банкноттың да айналым мерзімі 2026 жылдың маусым айында аяқталады деп жоспарланған болатын. Алайда кейін Ұлттық банк оның айналым мерзімін 2027 жылдың 24 шілдесіне дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.
Реттеуші орган бұл шешімді банк жүйесіне түсетін жүктемені азайту мақсатымен түсіндірді.
–2000 және 10 000 теңгелік банкноттардың айналымының бір мезгілде тоқтатылуы банк жүйесіне қосымша ауыртпалық түсіруі мүмкін. Сондықтан мерзімді ұзарту азаматтар мен бизнес өкілдеріне ескі банкноттарды жаңа үлгідегі ақшаға біртіндеп әрі қолайлы жағдайда айырбастауға мүмкіндік береді, – делінген Ұлттық банктің хабарламасында.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде бірнеше номиналдағы банкноттардың жақын арада айналымнан толық шығарылатыны туралы ақпарат тараған еді. Ұлттық банк бұл мәселеге қатысты түсініктеме беріп, қазіргі уақытта тек жекелеген жылдары шығарылған банкноттардың жоспарлы түрде айналымнан шығарылып жатқанын мәлімдеді.
Осыған байланысты азаматтарға қолындағы 2012 жылғы үлгідегі 2000 теңгелік банкноттарды уақытылы айырбастау ұсынылады. Сонымен қатар оларды банктерде, «Қазпошта» бөлімшелерінде және Ұлттық банк филиалдарында белгіленген тәртіппен ауыстыруға болады.





