Жетісу облысында қант қызылшасын жинау жұмыстары 15 қыркүйектен басталған. Бүгінгі күнге 45 пайыз алқап толық жиналды.
Шаруалар өнімін қабылдайтын екі зауытқа 268 мың тонна өнім өткізді. Қант зауыттары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Күнделікті 10-12 мың тонна өнім қабылдауға қауқарлы. Шаруалардың жаппай қант қызылшасын жинауына және Көксу қант зауытының толып кетуіне байланысты уақытша 10 күнге тоқтату жөнінде шешім қабылданды. Бұл қант зауытының алаңды босатып, кейінгі өнімді қабылдап, жинауға мүмкіндік береді. Ақсу қант зауыты жұмысын жалғастыруда. Енді Ескелді, Қаратал, Көксу, Кербұлақ ауданынан алынған қант қызылшасы Ақсу қант зауытына жіберіледі.
Мемлекет тарапынан шаруаларға 25 мың теңге көлемінде субсидия қарастырылған. Бұл қаражат шаруалар есепшотына жіберіледі. Көксу қант зауыты шаруаларға 150 миллион теңге көлеміндегі қаражатты шоттарына аударды. Сонымен қатар, өнімді зауытқа жеткізудегі жол шығынына бөлінген қосымша қаражат та шаруашылықтарға беріледі. Облыс бойынша өнім жинауда, өткізуде ешқандай мәселе жоқ. Барлық өнім жиналып, уақытында зауытқа жеткізілуде. Енді ауа райы қолайлы болып, қалған өнім уақытында қар астында қалмай жиналса болғаны.
Нұрдәулет КЕНЕНБАЕВ,
облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы
Фото: gov.kz





