Суару маусымы басталғалы еліміздің шаруаларына шамамен 6,4 млрд. текшеметр су берілді.
Жедел ақпаратқа сәйкес ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» ШЖҚ РМК филиалдары суару маусымында еліміздің шаруаларына 6,37 млрд. текшеметр су берді. Бүгінгі таңда диқандармен суармалы су беру жөнінде 24 мыңға жуық келісімшарт жасалды.
Атап айтқанда, Жетісу облысының диқандарына 832,4 млрд. текшеметр, Түркістан облысының сушыларына шамамен 1,46 млрд. текшеметр, ал Қызылорда облысының шаруаларына 2,86 млрд. текшеметрден аса су берілді. Жамбыл облысы бойынша «Қазсушар» филиалы жергілікті шаруаларды 390 млн. текшеметр сумен қамтамасыз етсе, «Үлкен Алматы каналы» филиалы диқандарға 349 млн. текшеметр су берді. Қ. Сәтпаев атындағы каналдан 316 млн. текшеметр су жіберілді. Барлық облыста суару кезеңі штаттық кестеге сай жүріп жатыр. Аймақтарда су тапшылығы байқалмайды.
Айта кетейік, осыған дейін ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Өзбекстанмен жарты жыл ішінде Қазақстанға Сырдария өзені арқылы 3,7 млрд. текшеметр су жіберу туралы мәмілеге келген болатын. Суару кезеңінің соңына дейін өзбек тарапы тағы 500 млн. текшеметр су жібермек. Ал, Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 33-ші отырысында Қазақстанға Қырғызстаннан Шу өзені арқылы 180 млн. текшеметр және Талас өзенімен 380 млн. текшеметр су жіберу туралы келісім жасалған болатын.
А. Ыбырай





