Тіл сарайында ақпараттық-түсіндіру жұмысы шеңберінде өңірлік даму мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті. Жиын барысында елді аумақтық-кеңістікте дамытудың 2030 жылға дейінгі болжамды схемасының жобасын, Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасын, Өңірлік стандарттар жүйесін, «Ауыл – ел бесігі» жобасын әзірлеу мәселелері талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқовтың қатысуымен семинар-кеңес шеңберінде елді аумақтық-кеңістікте ұйымдастырудың негізгі мақсаттары мен міндеттері туралы мәселелер түсіндірілді. Аумақтық-кеңістікте жоспарлау бойынша дамыған мемлекеттердің халықаралық тәжірибесі, сондай-ақ, осы мәселе бойынша мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, холдингтердің және басқа да ұйымдардың міндеттері талқыланды.
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Мұқан 2030 жылға дейінгі өңірлік даму талаптары мен болжамдары туралы баяндама жасады. Ол өз сөзінде елдің кеңістік дамуы жөніндегі болжау схемасы жайлы айта келе күтілетін нәтижелерге тоқталды. Нақтыласақ, «Агломерация», «Моно және шағын қалалар», «Тірек ауылдық елді мекендер», «Шегаралық аймақтар» бағыттарының дамуына жеке-жеке тоқталды.
«Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру туралы ҰЭМ Өңірлік даму департаменті директорының орынбасары Нұрлан Мақсұтов хабарлама жасады. Республикалық бюджеттен бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында алдағы 3 жылға 90 млрд. теңге, оған қоса ағымдағы жылға 30 млрд. теңге бөлінген. Баяндама жасаған Нұрлан Мақсұтұлы:
– Жоба аясында биыл 700 мыңнан аса тұрғыны бар 53 елді мекен іріктеліп алынды. Аталмыш ауылдарда 452 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 233 жол инфрақұрылымына бағытталса, 153 – әлеуметтік, 66 – тұрғын үй-коммуналдық бағыттағы жоба. Ағымдағы жылдың соңында 4673 жаңа жұмыс орны ашылып, 73 мектеп пен балабақша, 14 емхана, 47 Мәдениет үйі мен спорт нысандары күрделі жөндеуден өтеді. Одан бөлек, 13 дене шынықтыру кешені мен 13 абаттандыру нысандары салынады, – деген баяндамашы өз сөзінде келесі жылдың жоспарымен де таныстырды.
Жобаны іске асыру барысында 2020 жылы 85 ауылды, оның ішінде 2019 жылы назарға алынған 22 елді мекенді қамту жоспарланып отыр. Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым бағытында 396 жоба жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ, ҚР ҰЭМ Өңірлерді талдау және бағалау департаментінің директоры Анар Байтөкенова өңірлердің өкілдеріне Аумақтарды дамыту бағдарламасын жетілдіру тәсілдерін таныстырып, талқылады.
Еңлік ҚАБДЕШ
Алматы облысы





