Шомылу маусымында Алакөлге келетін туристердің көңілді демалып, ризалықпен аттануына мүмкіндік жасаудың өзі оңай емес. Оған қарамастан тұрғындар қарбалас тірлікпен қатар аудан экономикасын, әлеуметтік даму көрсеткішін көтеретін бастамаларды да назардан тыс қалдырмайды. Аудан әкімдігі ұйымдастырған баспасөз туры аясында осыған көз жеткіздік.
БАҚ өкілдері ең алдымен, Лепсі ауылындағы бал өндіретін «Лепсі өнімдері» ЖШС-не барды. Экологиялық таза өнім саналатын, жылына 300 тоннаға дейін бал өнімін шығаратын «Лепсі өнімдері» республика бойынша бірнеше мәрте «Алтын сапа» тауар белгісін алған. Жылдар бойы қол жеткізген жетістіктерінің саны аз емес. Мемлекет басшысының шетелден келген қонақтарға беретін сый қорапшасына Лепсі балын салып сыйлыққа тартқанын ұжым қызметкерлері мақтанышпен айтады.
«Лепсі өнімдері» зауытының маманы Фарида Абузярованың айтуынша, бал зауытының басты жаңалығы – жаңа өнім кремді бал түрін өндіру. Ерекшелігі – таза балды екі тәулік бойы миксермен араластырып, ауамен қанықтырады. Крем балдың дәмі ерекше балғын. Қазіргі уақытта бал зауытының өнімдері Жапония, Біріккен Араб Әмірлігі, ҚХР, Ресей мемлекеттеріне экспортталады.
«Бізде «Лепсі Бьюти» бағытында косметикалық сабын жасалады. Оның да сапасы жоғары. Бет күтіміне өте пайдалы таза өнім құрамына бал, саумал, ауылымызда өсетін шөп қосылған. Одан бөлек, өндірісімізде фитошайлар да шығарылады», – дейді Фарида Абузярова.
Бал өнімдері жайлы толыққанды ақпарат алған тілшілер іргелес Екпінді ауылында салынып жатқан ауызсу жүйесі мен Қабанбай ауылындағы жалға берілетін 10 үйдің құрылыс барысымен танысты.
– Аудан тұрғындарын таза ауызсумен қамту көрсеткіші 85 пайызды құрайды. Биыл Сапақ ауылдық округіне қарасты Бибақан ауылына ауызсу жүйесі тартылып, ел игілігіне берілсе, Екпінді ауылының тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізбек. Алдағы уақытта Тоқжайлау, Лепсі ауылдық окруктерін ауызсумен қамту жұмысы жүзеге асырылады. «Осы жұмыстар толығымен біткенде аудан тұрғындарын ауызсумен қамту көрсеткіші 90 пайызға жетеді», – дейді аудандық тұрғын үй шаруашылығы, жолаушылар бөлімі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясының басшысы Алмас Жұмағұлов.
Алакөл ауданында 1633 адам баспана кезегінде тұр. Қабанбай ауылында салынып жатқан жалға берілетін 10 тұрғын үй ауданның әлеуметтік аз қамтылған санатындағы азаматтарға арналған. Құрылыс жұмысын «Элиф Строй» ЖШС жүргізген үйлер қазан айында қолданысқа беріледі.
– Жалға берілетін үйлердің жалпы аумағы 70 шаршы метрді құрайды, 2 жатын бөлме, 1 қонақ бөлме, асхана, жуынатын бөлме болады. Үйлердің инженерлік коммуникациялық желілеріне, баспаналарды абаттандыру, қоршау, қатты отын сақтайтын қоймаларын жасау сынды жұмыстарға «Алакөл асыл құрылыс» ЖШС жауапты, – дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Мақсат Жұлқайнаров.
Жалпы аудан бойынша осындай 50 баспана салынуда. Олар үй кезегінде тұрған ауыл азаматтарына беріледі. Мысалы 10 баспана Бескөл ауылында, бесеуі Қазақстан ауылында салынбақ. Тұрғын үйлерді аралап, оның сапалы әрі ыңғайлы салынып жатқанына көз жеткіздік. Бұл баспаналардың бой көтеріп, ауылдың көріктене түскеніне тұрғындар да қуанышты.
– Мұнда көшіп келгенімізге 20 жылға жуықтап қалды. Баспанаға зар болып жүрген ауылдастарыма арнап бірінші жыл осындай үйлер салынып жатыр. Осындай баспанаға қол жеткізе алмай жүрген жерлестерімізге үлкен көмек болғалы тұр, – дейді Қабанбай ауылының тұрғыны Мұратбек Нұрғалиұлы
Келесі кезекте БАҚ өкілдері «BOLАT GROUP LTD» шаруа қожалығының қант қызылшасы алқабымен танысты. Шаруа қожалығының басшысы Болат Сиырбаевтың айтуынша, бүгінде қызылша алқабын суаруда инновациялық әдіс тамшылатып суару технологиясын қолданады. Биыл 275 гектарға тәтті түбір егіп, өнімін күтіп отырған шаруа қожалығы келесі жылға қант қызылшасының алқабын 1000 гектарға ұлғайтуды жоспарлап, әр гектардан 100 тонна өнім алуды көздейді.
Еліміздің транзиттік потенциалын арттырып, жүк тасымалы, экспорттауда кедергілерді жою, өңірлерде осы жұмысты қолға алып, ел әлеуетін көтеруге жағдай жасау бүгінгі күннің басты тақырыбы. Осы тұрғыда жақсы жобалар жүзеге асып жатқанын Достық бекетіндегі «ДостықТрансТерминал» ЖШС көпфункционалды жүк тиеу терминалының жұмысымен танысқанда білдік. Ірі тоннажды контейнерлерді тиеп-түсіруге арналған терминалда тәулігіне 250 контейнер қабылданады. Мұнда 100 адам қызмет атқарады.
– «ДостыкТрансТерминал» өз жұмысын 2021 жылдан бері бастаған. Қазіргі таңда жұмыстың екі кезеңі жасалды. 25 гектар аумақта контейнерлерді қабылдау, тиеу, қайта жүктеу алаңы құрылған, – дейді терминалдың бас инженері Асхат Сулеев.
Жалпы мұндай арнайы ауыр жүк көтеретін алаң Еуразия аумағында кемде кем. Ірі тоннажды контейнерлерді Ричстакер арнайы жүк тиегіш көлігі арқылы теміржол вагондарына тиеп, аз уақыт аралығында экспорттауға мол мүмкіндік береді. Алдағы уақытта «Достық-Мойынты» теміржол желісі салынса, терминал жұмысының қуаты екі есе артады.
Келесі барған «ETT Dostyk» ЖШС көпфункционалды теміржол көлік-логистикалық терминалында да жұмыс қарқынды. 18 гектар жерге орналасқан орталықтың 10 гектарға жуығы жүк тиеу алаңы мен сақтау орындарына берілген. Терминалда 155 адам қызмет етеді.
– Қазіргі уақытта 7,7 гектар аумақта ғана қойма орны қарастырылған. 6 теміржолдан тұратын 75 вагонға арналған терминал стансылық жолдарға шықпай-ақ ұзын базалық пойыздарды қабылдай алады. Сонымен қатар, терминалда уақытша сақтау орны да бар, – дейді терминал басшысы Сергей Гордиенко
Терминал басшылығы алдағы уақытта 3500 контейнер қабылдауды жоспарлауда. Бұл жоспар жүзеге асса стансы қызметінің өндірістік өрісі кеңеймек. Контейнерлерді тиеп алатын арнайы техника алынып, жаңа жұмыс орындары ашылмақ.
Табиғаты тамылжыған таудан басталған баспасөз туры ойдағы қант қызылшасын көріп, шегара шебіндегі тынымсыз тіршілікке куә болумен аяқталды. БАҚ өкілдері көл бойындағы туристердің көтеріңкі көңіл күйіне ортақтасып, аудан әкімі Алмас Абдиновтың Алғыс хатын алып, ауылдарына оралды.
Қажет АНДАС