Жетісу облысының шаруашылықтары мемлекет тарапынан жасалып отырған жеңілдіктерді пайдаланып, қаржы институттары арқылы жаңа техникалар сатып алуда. Солардың бірі Ескелді ауданындағы «Дюсенбинов А.К.» шаруа қожалығы «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы арқылы автопаркін жаңа техникалармен толықтырды.
Шаруа қожалығының 1500 гектардай суармалы жері бар. Оның 400 гектарына қант қызылшасын, қалғанына масақты-дәнді және мал азығы дақылдарын өсіруде. Қожалықтардағы техниканың саны агрегаттарды есептемегенде 50-ден асады.
— Биыл мемлекеттік қолдаудың арқасында «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жылына 6 % үстемемен елімізде құрастырылатын «Buhler» маркалы трактордың екеуін сатып алдық. Егер шетелде шығатын техниканы алған болсақ, ол бізге аса қымбатқа түсетін еді. Отандық техниканы сатып алғанымыз үшін Үкімет біздің шығынымыздың 30 пайызын субсидиялап отыр. Алғашқы жарнасын бірден төлемейтініміз де біз үшін үлкен жеңілдік болды, оны тек желтоқсан айында төлеп, келесі жылдан негізгі қарызды өтей бастаймыз. Бұл бағдарламаның тағы бір ерекшелігі, бізден кепілдік сұрамайды. Бұл бағдарламада сатып алынып отырған техниканың өзін кепіл ретінде қояды. Қазір сатып алынған екі трактордың біреуі бір аптадан бері алқапта жұмыс істеуде. Екіншісінің соқасын реттеп, күзде жер жыртқанға дайындап отырмыз, — дейді Айдын Дүйсенбинов.
Бұдан бөлек шаруашылықтар гербицидке, жанар-жағармайға, қызылша тұқымына мемлекеттен субсидия түрінде жеңілдіктер алып отыр. Осындай қолдаудың және агротехнологиялық талаптарды сақтаудың арқасында былтыр «Дюсембинов А.К.» шаруа қожалығы қант қызылшасы алқабынан орташа шығымы 800 центнерден өнім жинаған. Биыл да өнімділік осы шамада болады деп күтілуде.
– Облыста филиал ашқалы шаруалар 6 мыңға жуық жаңа техникамен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік берді. Бүгінде облыстағы мыңға жуық қожалық бізбен бірлесе жұмыс атқарады. Биыл ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында аймаққа 6,5 млрд.тг қаржы бөлініп еді. Дегенмен бірінші жартыжылдықта 7,5 млрд. тг қаржы игеріліп, жоспар артығымен орындалды. Қосымша 1,2 млрд. теңгеге сұраныс жібердік, – дейді «Қазагроқаржы» АҚ Жетісу облысы бойынша филиалының директоры Талғат Мамырбаев.
ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ