Облыстық мәслихат депутаттарының қатысуымен тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті. Онда облыстық спорт басқармасына ведомстволық бағынысты ұйымдар қызметін ұйымдастыруға бөлінген бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары қаралды. Бұл туралы облыс бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Қанат Манамұратов айтып берді.
– Қанат Манамұратұлы, әңгімені облыстық спорт басқармасы мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарында жүргізілген аудиторлық іс-шаралардан бастасаңыз?
– Мемлекеттік аудит жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын 27 мемлекеттік мекемелер мен 1 мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорында жүргізілді. Онда 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 2022 жылдың 31 желтоқсан аралығындағы кезең қамтылды. Облыстық спорт басқармасы және оның ведомстволық бағынысты ұйымдары бойынша қарастырылған қаражат 6 542 568,9 мың теңге мемлекеттік аудитпен қамтылды.
Нәтижесінде ҚР Заңнамасы нормалары мен мемлекеттік аудит объектілері актілерінің анықталған бұзушылықтарының жалпы сомасы 4 736 180,3 мың теңгені құрады. Соның ішінде қаржылық бұзушылықтар 944 537,8 мың теңге, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану 3 767 906,6 мың теңге, бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау 23 735,9 мың теңге.
Сонымен бірге, 103 бірлік рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар орын алған. Мемлекеттік аудит барысында, сондай-ақ, ҚР Бюджет кодексінің және мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепті жүргізу қағидасы нормаларын сақтамау салдарынан 89 814,6 мың теңге негізгі құралдар мен материалдық активтер бухгалтерлік балансқа алынбағаны, еңбекақы мен сыйақы төлемдерін, іссапар шығыстарын негізсіз артық төлеу фактілері бойынша 854 723,2 мың теңгенің бұзушылықтары анықталды.
– Осыған қатысты тағы айтарыңыз бар ма?
– Облыс әкімінің 27.07.2022 ж. №17 «Жетісу облысының коммуналдық меншігінің кейбір мәселелері туралы» Қаулысымен Алматы облысының коммуналдық меншігінен Жетісу облысының коммуналдық меншігіне дене шынықтыру және спорт саласындағы ұйымдар мүліктік кешен ретінде 31 спорт мекемесі мен кәсіпорындары қабылданып алынды. Оның ішінде 28 коммуналдық мемлекеттік мекемесі, 3 мемлекеттік қазыналық коммуналдық кәсіпорыны бар. Жетісу облысы әкімінің 15.09.2022 ж. №51 «Жетісу облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесі қарамағындағы ұйымдарды құру туралы» Қаулысымен 8 мекеме құрылды.
Айта кетейік, облыстық спорт басқармасына қарасты әр ауданда спорт мектептері бар. Олар спорт базалары және кешендерімен жабдықталған. Аудандағы спорт мектептерінде балаларға спорттан қосымша білім беріледі. Яғни, аудандардағы бұл мектептердің балаларды спортпен қамтуға толық мүмкіндігі бар. Алайда, Талдықорған қаласындағы спорт мектептері өз базалары жоқтығымен қоса әр ауданда бөлімше ашып, ол жерде балаларға қосымша білім беруде. Басқарма әр аудандағы спорт мектептерінің мүмкіндігін ескермей, қаладағы мектептердің жаттықтырушылар штат бірлігін аудан тарапынан негізсіз ұлғайтып, спорттық білім беруді қайталай берген. Талдықорған қаласында орналасқан облыстық спорт мектептеріне жүргізілген аудиторлық қорытындыға сәйкес, аудандардағы спорт бөлімшелері биылғы қазан айының басынан жабылды.
– Аудит барысында бұзушылықтар мен кемшіліктерге жол берген лауазымды тұлғаларға тиісті шара қолданылған шығар?
– Әрине. Мемлекеттік аудит барысында және тексеру комиссиясы отырысын өткізуге дейін 13 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды. Анықталған бұзушылықтар бойынша мемлекеттік аудит объектілерінің лауазымды тұлғаларының әкімшілік жауапкершілігін қарастыру мақсатында әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қарайтын соттар мен уәкілетті органдарға 14 мемлекеттік аудит объектісі бойынша жалпы саны 39 материал жолданып, бюджетке 3 267,4 мың теңге айыппұл өндірілді.
– Қалай ойлайсыз, анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктердің себеп-салдары неде?
– Анықталған қаржылық бұзушылықтарға ҚР Қаржы министрлігінің бухгалтерлік есеп жүргізу қағидаларын, ҚР Мемлекеттік сатып алу туралы Заң талаптарын, ҚР органдары қызметкерлеріне сыйлық беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу туралы Ережелерін, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар мен қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін және ҚР Мемлекеттік мүлік саласындағы Заңнама талаптарын сақтамау салдарынан жол беріледі.
Сондай-ақ, бюджет қаражаты шығындарын жоспарлау кезінде қажетті қағида сақталмай, салдарынан бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуы мен жоспарлануына әкеп соғады. Демек, анықталған фактілер ішкі бақылаудың өз деңгейінде емес екенін көрсетеді. Бұған қоса, аталған бұзушылықтар мен кемшіліктер өңірдің қаржылық жағдайы туралы ақпаратты сенімсіздікке ұшыратады. Отырыс қорытындысына сәйкес тексеру комиссиясының қаулысы қабылданып, аудит объектілеріне тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.
– Рахмет!
Сұхбаттасқан Айгүл Байжұмақызы





