Биыл ауданда егін егу жұмыстары ерте көктемнен бастау алды. Ағымдағы жылы округте жоспар бойынша 730 гектар жерге қант қызылшасы, 1141 гектар алқапқа көпжылдық шөп, 183 гектар жерге арпа, 115 гектарға көкөніс, 255 гектар жерге жүгері егу жоспарланған. Сондай-ақ, 64 гектарға картоп, 49,5 гектар жерге күнбағыс, 7 гектарға бақша дақылдары мен 114 гектар жерге соя егу көзделіп отыр.
Біз Қанабек ауылының шығысындағы егістік алқабына барып, егін егу жұмыстарымен етене танысқан едік. Бұл алқапта ауыл азаматы, «Бүтінбаев» шаруа қожалығының иесі Дәулет Бүтінбаев жеке кәсіпкер Зереш Арғымбаевамен бірлесіп қант қызылшасын егу жұмысын жүргізуде.
Дәулет Бүтінбаев өзінің қарамағындағы 5 гектар жерге тәтті түбір дәнін енгізіп үлгеріпті, енді осы алқаптағы 20 гектарды еңсеру үстінде екен. Былтыр шаруашылық 10 гектардан астам жерге қант қызылшасын егіп, гектар берекелігін 700 центнерден айналдырыпты. Жері аздау болған соң былтыр Доспанбетов Ержапармен бірігіп тәтті түбір өсірген. Биыл ауыл азаматтарымен бірлесіп, егістік көлемін ұлғайтып отыр.
– Жерге тыңайтқыш, азот селитрасын себеміз. Ауыспалы егістікті сақтап, мол өнім аламыз. Франциялық «Ардан» тұқымын себеміз. Бұдан бөлек, қант қызылшасының «Дануб», «Грим», «Игорь» сұрыпты тұқымдары бар. Бізге баға жағынан да, өнім шығымы жағынан да «Ардан» тұқымы тиімді болып тұр, – дейді Дәулет Бүтінбаев.
Диқандардың айтуынша, «Ардан» тұқымының жапырағы үлкен, суды аса қажет етпейді. Жалпы, технология бойынша 8 рет суару қажет болса, округ тұрғындарының басым бөлігі 4 рет суарады. Өткен жылы Қаратал өзенінде су тапшы болып, суға қол жеткізу біршама қиындық тудырған. Десек те, жалпақ жапырағының астына ылғал сақтайтын аталмыш қызылша тұқымы мол өнім алуға ықпал еткен.
Аталмыш округте қант қызылшасын өсіретін «Молжігітов» шаруа қожалығы 115 гектарға, «Егемендік» шаруа қожалығы 40 гектар жерге қант қызылшасын егуді жоспарлап отыр. Қызылша егілмес бұрын «Компактор» деп аталып кеткен ауылшаруашылық техникасы жыртылған жердің бетін қопсытып, кесек топырақты үгіту жұмыстарын жүргізуде.
— Бүгінгі күні округте 80 гектар арпа, 1141 гектар көпжылдық шөп, 200 гектарға жуық қызылша, 60 гектар жоңышқа егілді. Округте «Ақиқат» ЖШС көкөніс, пияз, арпа, жоңышқа себуді жоспарлап отыр. 304 гектар жері бар «Қаратал-Гладиус» ЖШС жүгері, арпа, жоңышқа егеді. Округтегі 37 шаруа қожалығы 540 гектар жерге қызылша себуге тұқымға тапсырыс берді. Мысалы, 2019 жылы округ бойынша 830 гектар қант қызылшасы, 2020 жылы 700 гектар тәтті түбір егілсе, биыл 540 гектар ғана егілмек. Себебі, жұрт жері тозып кеткен соң ауыспалы егістік ретінде қолданып, амалсыз басқа дақылдарды егіп жатыр. Қазір субсидия көлемі өсті, сондықтан күзде қызылша өсіруге ниет танытатындар саны артады деп ойлаймын. Биылғы жылы мемлекет қызылшаның әр тоннасына қосымша 2 мың теңге, «Көксу» қант зауыты өз тарапынан 2 мың теңге көлемінде субсидия беруді ұйғарып отыр. 18 мың теңге мен 22 мың теңгенің айырмашылығы бар ғой, – дейді округ әкімі Сержан Андасбаев.
Оның айтуынша, округтегі шаруа қожалықтарының басым бөлігінің 4-5 гектар ғана жері бар. Мұндағы 170 шаруа қожалығының отызы ғана 10-20 гектар жерге иелік етіп отыр. Сондықтан олардың ауыспалы егістік жасауға мүмкіндігі аз. Бірнеше жыл қызылша салынған жерге жоңышқа егеді. Кейбір шаруалар көң төгіп, 4-5 жыл қызылша егіп көріпті. Әйтсе де жыл сайын шірік көбейіп, өнімділік төмендегені байқалған.
Егін егуге қажетті техника жеткілікті. Аталмыш округтегі «Молжігітов» шаруа қожалығына қарасты сервистік орталық пен Айту би ауылдық округіне қарасты «Ұлан» ЖШС-нің сервистік орталығының иелері ауылшаруашылығы еңбеккерлеріне техникасын беріп, жерін жыртып, егін егуге көмектесіп келеді. Сондай-ақ, көршілес Ескелді ауданынан келген сервистік орталық мамандары округ диқандарына дер кезінде дән себуге септігін тигізуде.
Осылайша, Жолбарыс батыр ауылдық округінде егін егу жұмыстары қарқын ала бастады. Ауа райының қолайлы сәтін қалт жібермейтін диқан қауымы дер кезінде дән себу қамымен жүр.
Асхат ӨМІРБАЕВ,
Қаратал ауданы





