Жетісу жерінде егін орағы 14 шілдеден басталды. Қазіргі таңда Талғар, Жамбыл, Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ, Кербұлақ, Алакөл аудандарында жұмыс қызу жүріп жатыр.
Облыстық ауылшар- уашылығы басқармасының ақпараты бойынша, ағымдағы жылы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау алаңы 578,4 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылдағыдан 5 гектарға артық. Жыл бойғы шаруалардың маңдай терін ағызып өсірген астықты қабылдауға сыйымдылығы 771 мың тонна 265 астық қоймасы, оның ішінде 58,6 мың тоннаға 2 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны сақадай сай.
Егін орағы басталған бір аптаның ішінде 36,7 мың гектар алқаптағы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар шабылып (6,4%), 45,5 мың тонна астық жиналды. Қазіргі болжам бойынша орташа өнімділік гектарына 12,4 центнерден айналып отыр. Ал өткен жылдың дәл осы мезгіліндегі шабылған алқаптың гектар берекелілігі 15,3 центнерді құраған болатын. Бұған қарап алаңдаудың реті жоқ. Өйткені биыл көктемгі егіс жұмыстары ауа райының қолайсыздығына байланысты жылдағыдан 10 күндей кеш басталды. Сондай-ақ, қазіргі таңда шабылған алқаптың көлемі де өткен жылмен салыстырғанда аздау. Демек, өнімділіктің өлшемі егін орағы аяқталған соң бірақ шығады. Бірақ ауылшаруашылығы саласының мамандары биыл алынатын астық мөлшері өткен жылдан кем болмайды деген пікірде.
Биыл шөпке деген сұраныстың аз болмайтыны анық. Мал азығын дайындау жұмысы да басталғалы біраз болды. Пішендеме, сабан, жемдік азық, сүрлем әзірлеу жұмыстары да талапқа сай жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, науқан күзге дейін жалғасып, осы мезгілдің ортасында аяқталады. Ағымдағы жылдың жоспары 3,5 млн. тоннадан астам ірі (оның ішінде пішендеме 2842 мың тонна, сабан 680 мың тонна) және 1,3 млн. тоннадан астам шырынды (пішендеме 547 мың тонна, сүрлем 710 мың тонна) жемшөп, сондай-ақ 684 мың тонна дәнді мал азығын дайындау жоспарланған. Бүгінгі күні бірінші шөп шабу аяқталып, 1679,5 мың тонна шөп, 261,2 мың тонна пішендеме, 68,8 мың тонна сабан, 40,6 мың тонна жемдік азық дайындалды.
Күздік және жемдік дақылдарды жинауға техника күші де толық дайындалған. Қазір аймақтағы дала төсінде 1468 комбайн, 180 мехток, 263 астық тиегіш, 203 астық өлшеуіш, 164 астық тазалау машинасы, 256 автотаразы қарастырылған. Шаруалар жанар-жағармайдан да тапшылық көріп отырған жоқ. Егін жинау жұмысын уақытылы жүргізу үшін ҚР Энергетика министрлігі тарапынан облысқа берілген 13,8 мың тонна дизель отыны тиісті қожалықтарға бөлінген.
Астық пен мал азығын жинау оңай жұмыс емес. Бірақ науқандық жұмыстың денін шілде, тамыз айларында орындап тастау керек. Қазіргі ауа райы шыжыған ыстық болғанымен, ең бастысы, күн ашық. Осыған орай, шаруалар да егіні мен мал азығын жаңбырға ұрындырмай жинап алу үшін бар күшін салуда.
Қажет АНДАС





