Талаптанса тауды үгітетін, тағылымды ісі талайға үлгі, нәзік жанды дегені болмаса істеген ісі ілкімді арулар қаншама?! Ондайды ел-жұртының бағына біткен деп бағалағанымыз жөн шығар.
Олардың қатарына Пенжім, Ават ауыл тұрғындарының ақжарма алғысына бөленіп жүрген еңбекқор, мейірімді де қайырымды, адал еңбегімен көзге түсіп жүрген кәсіпкер Тұрсын Көншібаеваны енгізсек болады.
Жастайынан өте зерек, дарынды Тұрсын Көншібаев әулетінің отбасында дүниеге келеді. Мектепте де жақсы оқыды.
Әкесі марқұм Нұрмұхамет пен анасы Күләш та өте еңбекқор жандар еді. Әкесі жылқы бағып қысы-жазы Пенжім ауылы, «Калинин» ұжымшарының үздік жылқышысы болатын. Ал анасы Күләш қымыз ашытып, қою сүтті дәмді шайын көршілеріне беріп отыратын. Ата-анасының тәрбиесін алған Тұрсын көпбалалы отбасынан шыққан. Мектепті бітіріп әпкесі Рухиягүлмен Алматыға барып, қыздар педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түседі. Оқуын бітіріп Ават ауылындағы мектепте алғашқы еңбек жолын бастап, шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие береді. Талай оқушыны ұясынан ұшырып, бағын жақты. Ават мектебінде басшы болып та еңбек етеді. Еңбегін бағалаған Білім министрлігі Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгімен марапаттап, мерейін өсіреді.
«Еңбегі жанғанның өнбегі жанбақ» демекші Тұрсын апа зейнетке шығып, кәсіпкерлікпен айналысады. Өзінің баласы Қуаныш екеуі бірлесіп, туған ауылына көмегін тигізу мақсатында ата-анасының үйінен «Болат» атты балабақша ашып, ауылдағы жұмыссыз жүрген жандарды жұмысқа орналастырады. Кәсібі өрге домалап «Әмірхан» кафесін, содан кейін «Айсұлтан» атты тағы бір балабақшаны ел игілігі үшін жұмыс істетеді. Орысша-қазақша бөлімдерін ашып, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасы балаларына қамқорлық жасайды. Алғыс арқалаған абзал жанды бүгінде ауыл-аймақ түгел қадірлеп отыр.
Тұрсын апаның інісі Ербосын Нұрмұхаметұлы Ауған соғысына қатысып қаза табады. Тағы бір інісі Болат та өмірден ерте кетті. Сіңлісі Зейнеп те ұстаз болған жан еді. Ол да бақиға аттанғалы қашан. Әпкесі Рухиягүл облыс, аудан көлеміне белгілі тарихшы болса, Күләш әпкесі Алтыүй ауылында игілікті еңбек еткен есепші болған. Ал Фарида сіңлісі Үлкен Шыған ауылындағы мектептің белді қызметкері.
Тұрсын апа мен баласы Қуаныштың бұл күні Жаркент қаласында салған «Қуаныш» атты мейрамхананы білмейтіндер кемде-кем. Кәсіптің көзін тапқан Тұрсын апа үнемі қайырымдылық шараның басында жүреді.
Тұрсын апаның айтылмай қалған ел игілігі үшін атқарып жатқан жұмыстары өте көп. Ол кісіге телегей денсаулық, сарқылмас күш-қуат тілейміз.
Тоқтаргүл КИГІЗБАЕВА