Қиындықтан шығу жолдарын қарастыра отырып, Ел басшысы тағы да өсімге, реформалар мен даму мәселесіне баса назар аударды. Президент жаһандық дағдарысты дамудың жаңа мүмкіндігі ретінде қарастыруда. Қазынашылық жүйесі күрделі жолдардан өтті. Барлық жұмыс қағаз құжаттар айналымынан басталды. Бұл жерде әрбір құжатты дұрыс рәсімдеу үшін қанша қағазды қопарып шығуға тура келетін.
Жүйеміздің жаңа қалыптаса бастаған кезінде өңірдегі қазынашылық қызметкерлері, бюджетке түсімдер жайлы мәліметтерді қолмен жазып жинақтап, күн сайын орталыққа жіберіп отыратын. Бюджет қаражатының шығыстарын бақылау да осындай жолмен жүзеге асырылды. 2008 – 2011 жылдары «Қазынашылық-Клиент» мемлекеттік мекемелермен электронды құжат айналым жүйесі дайындалып, іске қосылды. Бұл жүйе қаржы құжаттарын қабылдау және өңдеуге қатысты қазынашылық функцияларын автоматтандыруға мүмкіндік тудырды. Қазақстанның қазынашылық қызметті ақпараттандыру мәселесі бойынша алға қарай қарышты қадам жасағаны қуантады.
Қазақстанның мемлекеттік мекемелерінде «Қазынашылық-Клиент» ақпараттық жүйесі толық енгізілді. Мұның өзі ағымдағы қаржылық құжаттарды онлайн-режимінде өндеуге мүмкіндік береді. Қазынашылықтың аумақтық бөлімшелерінде аталған форматта мыңнан аса мемлекеттік мекемеге қызмет көрсетіледі. Қазіргі кезде осы жүйенің арқасында біз есепшоттарға күнбе-күн төлем жүргізуге қол жеткіздік. Қазынашылық – Ұлттық банкте Бірыңғай қазынашылық есепшоты (БҚЕ) бар қуатты жүйе. БҚЕ бойынша төлем жасаудың осындай тетіктерінің арқасында мемлекеттік бюджеттің жағдайы, соның ішінде табыстар мен шығыстар, облыстар, жалпы республика бойынша қаражат қалдықтары күн сайын бақыланып отырады.
Түптеп келгенде, барлық мемлекеттік сектор салаларының тұрақтылығы қазынашылықтың қаржылық төлемдерді қаншалықты тоқтаусыз жүзеге асыра алатынына байланысты. Бюджеттік-қаржылық сервис саласының тамырына қан жүгіртетін технологиялық орган ретіндегі қазынашылық жұмысының қалыптылығы да осыған келіп тіреледі. Мемлекеттік қаржыға жауапты мемлекеттік органдардың құрылуына және жетілуіне көптеген фактор әсер етті. Қаржыны тиімді басқару жүйесін құру, жаңғырту әрі дамыту әр елдің қазынашылық органдарының басты міндеттерінің бірі саналады.Төлем-шығыс қаражаты жүйесі мен негізгі қаржылық-экономикалық параметрлерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету қазақстандық қазынашылықтың бренді болып табылады. Өйткені, біз мемлекеттік жүйедегі бухгалтерлер мен кассирлердің рөлін атқарамыз. Осыған орай біздің жұмысымыз бүкіл қаражат жүйесінің жалпы жағдайына сөзсіз әсер етеді.
Г. САПАРБЕКОВ,
Алматы облысы бойынша қазынашылық
департаментінің басшысы
Сурет ғаламтордан алынды





