ЕСКЕЛДІ ауданында автокөлік жуатын орын ашылды. Көпшілікке қызмет көрсететін мұндай жер жергілікті тұрғындардың қызығушылығын арттырып, ризашылығын тудыруда. Кәсіптің бұл түрімен Әшім Өнімхан айналысады.
Кәсіпкер көлік жуу орнын ашпас бұрын терең ойланып, жан-жақты зерттеді. Өйткені, ол өңір халқы үшін автокөлік күтімінің аса маңызды екенін түсінді. Нәтижесінде ел қажеттілігін қанағаттандыратын жаңа қызмет ұсынуға шешім қабылдады.
Сөйтіп, ол кәсіпкерлер палатасына жүгініп, кеңес алды. Яғни, бұл бизнесті одан әрі дөңгеленту үшін маңызды қадам болды. Сонымен бірге қажетті ақпарат алуға да мүмкіндік берді.
Кәсіпкер «Ауыл аманаты» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына қатысты. Бұл бастама қажетті жабдықтарды сатып алып, бизнестің өрістеуіне айтарлықтай әсер етті. Автокөлік жуу орнының ашылуы, сондай-ақ, өңір дамуына да елеулі үлес қосты. Кәсіпкердің жоспары мен мақсаты істі одан әрі өркендетіп, кеңейтуге бағытталды.
Ал ТЕКЕЛІДЕГІ «Жасыл әлем» демалыс орны отбасылық бизнесі шағын қаланың әсем жерінде орналасқан. Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Ермек Кеңесхан да «Ауыл аманаты» бағдарламасының шапағатын көріп, жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Бизнесті өрге сүйреуге қызы Жансая көмектесіп, сәтті қадам жасауда жетекшілік етіп келеді.
Кәсіпкерлер туристік мақсатта және қала мен облыс көлемінде шаралар ұйымдастыру мақсатында қолданылатын киіз үйлер тігуді көздеп отыр. Бұл дәстүрлі мәдениетке назар аударуға мүмкіндік беріп, демалыс пен ойын-сауық үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді. Сонымен бірге қонақүй салу ойда бар. Бұл да туристерді тартып, демалушылар мен қонақтарға жайлы жағдай жасау мүмкіндігін өрістетпек.
Туризм нысандарын кеңейту демалушылар санын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, жергілікті экономиканың дамуына және ел жағдайын жақсартуға септігін тигізеді. Халықаралық туризм күні аясында Жансая Ермекқызы ҚР Туризм және спорт министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл марапат оның туризмді дамытудағы үлесі мен елдегі ерекше мәдениет пен табиғатты насихаттаудағы талпынысын мойындау болып саналды.
АЛАКӨЛ ауданындағы Динара Әділбаева қазақ халқының қазы-қарта, жал-жая, құйрық майы секілді өнімдерін шығарады. Кәсіпкердің бұл іспен айналысып келе жатқанына 10 жылдай уақыт болды. Кейіннен ол осы бағытта бизнеспен айналысуға шешім қабылдап, 2021 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Бүгінгі таңда Динараның еттен жасалған тағамдары ауылдастарының жоғары сұранысына ие.
Қолдан шығарылған мұндай тағам түрлерінің дәмі тіл үйіреді әрі сапасында да мін жоқ. Бизнес саласы бойынша тәжірибе жинаған Динара Әділбаева білім жағынан да кенде емес. Өйткені, ол шұжық дайындау технологиясын меңгергеніне қарамастан, қосымша білім алу қажеттігін назардан тыс қалдырмай, қысқамерзімді оқудан өтіп, сәтті аяқтады. Қазіргі кезде кәсіпкердің кәсібі оңға басып, алға жылжып келеді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





