Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл білім беру жүйесін дамыту мен кадрларды даярлау сапасын арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Бастаманы жүзеге асырудағы негізгі қадамдардың бірі – бизнес пен колледждер арасындағы өзара әрекеттестікті күшейту, әсіресе дуальді білім беру картасы аясында маңызды саналады. Бұған облыстық кәсіпкерлер палатасы да белсенді түрде өз үлесін қосып отырғанын атап өткен жөн. Қазіргі таңда дуальді оқытуға өңірдегі 336 кәсіпорын қатысуда. Шамамен ол 3,5 мың студентті, сондай-ақ, бұл ынтымақтастық 14 колледж, 18 сала, 35 мамандық және 55 біліктілікті қамтиды. Мұндай бастамалардың арқасында студенттер тек теориялық пәндермен ғана емес, сонымен бірге кәсіпорындарда нақты жұмыс істей отырып, тәжірибелік дағдыларды меңгеруге мүмкіндік алады.
– 2014 жылдан бастап «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы әр жылы өңір кәсіпорындарының кадрларға сұранысын анықтау мақсатында Еңбек.kz платформасында мониторинг жүргізіп келеді. Бұл мониторинг еңбек нарығындағы нақты сұраныстарды анықтауға және техникалық, кәсіптік білім беру бойынша мемлекеттік тапсырысты қалыптастыруға жағдай туғызады. Нәтижесінде білім беру ұйымдары мен оқу орталықтары өз бағдарламаларын кәсіпорындардың қазіргі талаптарына бейімдей алады. Яғни, бұл маман даярлауда сапаны жақсартуға ықпал етеді, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев.
Арнайы қысқамерзімді оқытуға ерекше назар аударылады. «Атамекен» ҰКП кәсіби даярлық бойынша оқу орталықтарының тізілімін қалыптастыруды жалғастыруда. Бүгінгі таңда тізілімге 63 мамандық бойынша білім беретін 34 оқу орталығы енгізілді. Бұл тек жастарға ғана емес, сондай-ақ, жұмысшы мамандыққа ие адамдарға да жаңа дағдыларды жылдам меңгеріп, еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделуге мүмкіндік туғызады.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өткізілетін іс-шаралар білім беру жүйесін дамытуға және жоғары білікті мамандарды даярлауға айтарлықтай үлес қосады. Кәсіпорындар мен колледждер арасындағы өзара әрекеттестікті үйлестіру, оқытушылардың өндірісте тәжірибеден өтуі, жастармен кәсіптік бағдарлау жұмыстары және жұмысшы мамандықтарды заманауи байланыс құралдары арқылы насихаттау – осының бәрі бизнестің және білім беру жүйесінің байланысын нығайтуға ықпал етеді.
Бизнес пен оқу орындары арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдер жасасу, тәлімгерлер даярлау және өндірістен мамандарды техникалық, кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмыс істеуге тартудың маңызы ерекше. Бұл шаралар техникалық және кәсіптік білім берудің тұрақты дамуына берік негіз қалыптастырады.
Осылайша, жастар нақты жұмыс тәжірибесіне қол жеткізіп, еңбек нарығында бәсекеге қабілеттіліктерін айтарлықтай арттырады. Кәсіпкерлер палатасы мен білім беру ұйымдары жоғары білікті жұмысшы кадрларын даярлау мен экономика салаларының дамуына ықпал ететін мықты және тұрақты жүйені құру мақсатында бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыруда.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Фото: datawiz.io