«Бірлік» өндірістік ауыл шаруашылығы кооперативінің алаңында ғылыми зерттеулер нәтижелерін коммерцияландыруға және заманауи агротехнологияларды ауыл шаруашылығы өндірісіне енгізуге арналған облыстық дала күні өтті.
Шара мақсаты – ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің озық әдістерін насихаттау, жер және су ресурстарын тиімді пайдалану тәжірибесін тарату, сондай-ақ отандық агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ғылым мен өндіріс арасындағы ынтымақтастықты кеңейту. Қонақтар күздік бидай, жүгері, арпа, өзге де дақылдардың тәжірибелік егістіктері мен өнім алу технологияларымен танысты.
Су ресурстарының тапшылығы артып келе жатқан жағдайда суаруды тиімді ұйымдастыру мәселесі де маңызды тақырыптардың біріне айналды. Жүгері өсірудегі заманауи технологияларға да ерекше назар аударылды. Шаруашылықта пісу мерзімі әртүрлі гибрид пайдаланылады. Бұл вегетациялық кезең бойы су көздеріне түсетін жүктемені тиімді бөлуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл су тапшылығы жағдайында аса өзекті саналады және қолда бар ресурстарды барынша ұтымды пайдалануға жағдай жасайды.
Шара барысында ғылыми кеңесші Андрей Агеенко мен «Бірлік» ӨАШК жетекшісі Муслим Мұртазалиев инновациялық агротехнологияларды қолдану бойынша тәжірибелік ұсыныстарын айтты. Олар заманауи суару жүйелерінің артықшылықтары, органикалық егіншіліктің элементтері және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттырудың жаңа тәсілдерін баян етті. Қатысушылар өндірісте инновацияларды енгізу, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру және ғылыми ұйымдар мен аграрлық кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Соңында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев сөз сөйледі.
– Бүгінде аграрлық саланы ғылым мен өндірістің тығыз байланысынсыз дамыту мүмкін емес. Біз «Бірлік» ӨАШК алаңында заманауи агротехнологияларды енгізудің нақты нәтижелерін көрдік. Олар ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін едәуір арттыруға, су ресурстарын тиімді пайдалануға және өндірістік шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Ұсынылған тәжірибе аймақ аграршылары үшін пайдалы болып, ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге енгізудің табысты үлгісіне айналады деп сенемін, – деді ол.
Дала күні қорытындысы бойынша шаруашылықтарда заманауи агротехнологияларды кеңінен енгізу жөнінде ұсынымдар әзірленді. Қатысушылар мұндай алаңдардың тәжірибе алмасуға, өндіріс тиімділігін арттыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Ескелді ауданы





