Қорғастағы Құрғақ айлақ операторы «KTZE-KhorgosGateway» ЖШС өзінің алғашқы жүк тиелген пойызын көрші мемлекеттен тоғыз жыл бұрын қабылдаған болатын. Содан бері кәсіпорын мыңдаған контейнерлерді қабылдап, әлемнің сан тарабына аттандырды. Қазір бұл компания Қытайдан Қазақстанға жүк қабылдап, оларды өңдеп, Еуропа мемлекеттеріне, Парсы шығанағына, Каспий аймағына тарататын Орта Азиядағы ең ірі Құрғақ айлақ болып табылады.
Айлақ құрылысы 2014 жылдың шілде айының басында Үкіметтің «Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасының негізінде бастау алған. Мұндағы 129 гектар аумаққа салынған Құрғақ порт айлағының еліміздің экономикалық дамуы мен халықаралық транзиттік әлеуетінің артуына берер берекесі ерекше. Мұнда көлемі 5 мың шаршы метрлік екі қойма орналасқан. Оның төрт климат-бақылау камерасы, сонымен қатар бір мезетте 18 мың контейнерді тізіп сақтайтын алаңы бар. Онда тәулігіне 20 контейнерді қабылдап, тиеп аттандыра алады. Стратегиялық нысанның жылдық өндірістік қуаты 540 мың ДФЭ.
Бүгінде Құрғақ айлақ мультимедиялық логистикалық қызмет түрлерімен жабдықталған. Сан түрлі жүк тиеу мен түсіру операцияларын атқаратын қосымша логистикалық сервистермен қамтылған қуатты орталық. Ол «Алтынкөл» халықаралық темір жол стансысымен тікелей байланыстағы арнайы транспорттық инфрақұрылым арқылы ұйымдастырылған ірі транспорт-логистикалық терминал.
– «Құрғақ айлақ» аумағында «Өндірістік» деп аталатын темір жол стансысы бар. Онда терминалға келген контейнерлерді, автомобильдерді, түрлі техникаларды, жабдықтарды, басқа да әкелінген заттарды тиеп, түсіруді бірден есепке алатын «ТОS KG» автоматтандырылған заманауи техникаларымыз жұмыс істейді, – дейді «KTZE – KhorgosGateway» ЖШС коммерциялық басқармасының директоры Мүслім Қадыров. – Біздің айлақ екі жақтан, Қазақстан мен ҚХР тарабынан жүктерді қабылдап алып, тиісті бағытқа аттандыратын орталық болып табылады. Айлаққа жүк пойыздары «Алтынкөл» халықаралық темір жол стансысы арқылы ҚХР жақтан жіңішке темір жол жолағымен, Қазақстаннан кең жолақпен жүк жеткізіледі. Терминал екі жолақтан да күніне автомобильдер тиелген 30 вагон қабылдауға қауқарлы. Құрғақ айлақтың Орта Азиядағы ең ірі техника тасымал орталығы екенін айта кеткеніміз жөн. Мұнан әртүрлі қалалар мен елдерге мақта жинайтын комбайндар, метровагондары, ауыр автокрандар мен жеңіл автомобильдер, жүк тиегіштер, автогрейдерлер, автобустар жөнелтіледі.
Жоба инфрақұрылымы Батыс пен Шығыстың сауда-экономикалық байланысын барынша арттыруға негізделген.
– «KTZE – KhorgosGateway» ЖШС Құрғақ айлақ операторы ретінде жаңа технологияларды енгізу арқылы жүк қабылдау мен сақтаудың өңдеу саласында өз қызметін жан-жақты кеңітудің жолдарын қарастырып келеді, – дейді әңгімесін жалғастырған Мүсілім Қадыров мырза. – Айлақта жылжымалы ТЭМ-2 локомотив бригадасы, дәл салмақтайтын автомобиль және теміржол таразысы орнатылған. Терминалдағы жүк алмасуды тиімді атқаратын 70 арнаулы техникамыз тоқтаусыз қызмет етеді. Бір мезетте екі контейнерлер тиелген пойызға жүк тиеуді немесе түсіруді қамтамасыз етуге қолайлы 22 темір жол жолақтары жасақталған.
2024 жылдың қыркүйек айынан бастап терминалдың қызмет көрсету аясын кеңіту үшін вагондарды жөндеуден өткізуге қажет 1520 мм. жолақты 10 іріктеу жолын жасай бастадық.
– «KTZE – KhorgosGateway» ЖШС басшылары айтып отырғандай, Құрғақ айлақ компанияның даму бағыты бойынша бизнес-стратегиясын жетілдіру жолдарын тұрақты іздестіріп келеді. Компания қызметкерлері жеткен жетістіктерімен шектелмей, алдарына биік мақсаттар қойып отыр.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы