Қазақстанда экономиканың нақты мүмкіндігін бағалауға бағытталған жаңа әдістеме енгізілді. ҚР Ұлттық экономика министрлігі әлеуетті жалпы ішкі өнімді (ЖІӨ) есептеу тәртібін бекіткенін мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Министрліктің мәліметінше, әлеуетті ЖІӨ экономикадағы өндірістік ресурстар толық пайдаланылған жағдайда және инфляциялық қысым туындамаған кезде өндірілетін тауарлар мен қызметтердің ең жоғары көлемін көрсететін көрсеткіш. Бұл тәсіл ел экономикасының ұзақ мерзімді өсу мүмкіндігін бағалауға және нақты экономикалық көрсеткіштердің әлеуетті деңгейден қаншалықты ауытқығанын анықтауға мүмкіндік береді.
Жаңа әдістеме халықаралық тәжірибе негізінде әзірленген. Есептеу барысында еңбек нарығындағы өзгерістер, инвестиция көлемі, негізгі капиталдың өсу қарқыны және технологиялық даму деңгейі сияқты негізгі факторлар ескеріледі. Сонымен қатар әлем елдерінде кеңінен қолданылатын Кобб-Дуглас өндірістік функциясы пайдаланылған.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, әлеуетті ЖІӨ көрсеткіші экономикалық саясатты қалыптастыруда маңызды құралдардың бірі болмақ. Оның көмегімен экономикалық циклдердің кезеңдерін анықтап, экономиканың шамадан тыс қызуы немесе баяулауы сияқты үрдістерді ертерек бағалауға болады.
Есептеулер Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне сүйене отырып жүргізіледі. Әлеуетті ЖІӨ көрсеткішін бағалау тоқсан сайын жаңартылып отырады.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай әдістеменің енгізілуі макроэкономикалық талдаудың сапасын арттырып, мемлекеттік органдарға экономикалық өсімнің тұрақтылығын дәлірек бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл көрсеткіш бюджет, инвестиция және жұмыспен қамту саясатын жоспарлау кезінде маңызды аналитикалық құрал ретінде қолданылмақ.





