Еліміздегі құс фабрикалары бірінші жартыжылдықта тауық жұмыртқасын өндіру көлемін ұлғайтты.
Қазақстан жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының хабарлауынша, қазіргі уақытта елдегі құс фабрикалары жергілікті тұрғындардың тауық жұмыртқасына деген қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр. Тауық жұмыртқасы өндірісінің артуы биылғы жеті айдың қорытындысына сәйкес байқалып отыр.
Құс фабрикалары 2 млрд. 143 млн. жұмыртқа өндірген. Өсім 1,4 пайыз. Яғни, бұл көрсеткіш өткен жылдың 7 айымен салыстырғанда біршама жоғары. Құс жұмыртқасының бағасы биылғы 8 айда 25 пайызға төмендеген. Өндірушілер қауымдастығының мәліметінше, өндірістің өсуі кезінде тұрғындар жұмыртқа тұтынуды азайтатын көрінеді. Мұның себебін олар жаз айларында көкөніс пен жеміс-жидек маусымының басталуымен байланыстырады.
Елдегі ішкі нарықтың тауық жұмыртқасымен толық қамтылғанына қол жеткізілгені ескеріле отырып, құс фабрикалары таяуда жұмыртқаны терең өңдеу зауытының құрылысын бастауға және оны қайта өңдеу бойынша экспортты кеңейтуге ниетті.
А. Ыбырай





