2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстан экономикасына салынған инвестиция көлемі 9,5 трлн теңгеден асып түсті. Тұрақты даму бағытын ұстанған елімізде инвестиция, экономика, Қазақстан нарығындағы бизнес-ахуал жақсарып келеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Kazinform сайтына сілтеме жасап.
Аталған көрсеткіш мемлекеттің макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, бизнес ортаны жақсарту және инвесторлардың сенімін арттыру бағытындағы жұмыстарының жемісі. Үкіметтің шолуына сәйкес, жеке меншік капиталдың үлесі 87% деңгейіне жетіп, 21,4% өсім көрсетті. Бұл – нарықтық экономикаға деген сенімнің жоғары екенін аңғартады.
Инвестиция қайда бағытталды?
Қаржы құю ісінде ақпарат пен байланыс саласы көш бастап тұр. Ондағы көрсеткіш 2,3 есеге өсті. Бұл – цифрлық технологиялардың дамуына деген сұраныстың артқанын дәлелдейді. Сонымен қатар, құрылыс секторында инвестиция 38,7%, өңдеу өнеркәсібінде 33,3%, ал ауыл шаруашылығында 24,6% өсім тіркелді. Көлік саласы да 11,6% өсіммен маңызды рөл атқарып келеді.
Негізгі капиталға салынған инвестиция – жаңа зауыттардың ашылуы, жолдардың жөнделуі және заманауи жабдықтардың сатып алынуы. Аталған процесс өндірісті әртараптандыруға және елдің транспорттық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.
Экономикалық өсімнің негізгі көрсеткіштері
Еліміздің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 4,1% өсім көрсетті. Оған мұнай емес сектордың тұрақты дамуы себеп. Құрылыс саласы 15,2% көрсеткішпен алдыңғы қатарда. Өңдеу өнеркәсібінде 9,8% өсім бар. Сауда, байланыс қызметтері мен ауыл шаруашылығы да оң серпін көрсетіп келеді. Аталған салалар ЖІӨ-нің жалпы өсімінің 85% бөлігін қамтамасыз етті.
Әлеуметтік жағдай және халықтың табысы
Экономикалық дамудың басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын көтеру. Тұрғындардың нақты табысы 0,1% артты. Инфляция деңгейі маусымда 10,3% дейін баяулады. Жоғары өнімді жұмыс орындарын құруды көздейтін кешенді жоспардың іске қосылуы осы оң үрдісті одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан әлеуметтік міндеттемелерді орындау, спорттық инфрақұрылымды кеңейту және отандық кәсіпорындарға ұзақ мерзімді келісімшарттар арқылы қолдау көрсету – басым бағыттардың бірі.
Сыртқы сауда және экспорт
Сыртқы саудада да айтарлықтай табыс бар. Қаңтар-мамыр айларында тауар айналымы 56,3 млрд долларға жетті. Шикізаттық емес экспорт 14,6% өсіп, 14,9 млрд долларды құрады. Әсіресе өңделген тауарлар мен қызмет көрсету экспортының артуы – еліміздің сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.
Қазақстанның экономикалық дамуы – әрбір азаматтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін процесс. Бизнестің дамуы, жұмыс орындарының көбеюі және салықтық саясаттың ашықтығы – тұрақты өсімнің кепілі.





