Жер бетінің ластануы адамзатқа экологиялық қауіп төндіруде. Оның салдары айтпаса да түсінікті. Сондықтан әлем елдері қоршаған ортаға зиян келтірмейтін іс-әрекеттерді игеріп, жаңа технологияларға бет бұра бастады. Жаңғыртылатын энергия көздерін пайдалануға деген ұмтылыстар соның жарқын мысалы.
Осының арқасында электр энергиясын ұтымды өндіріп, орынды пайдаланып отырған мемлекеттер аз емес. Бұл жұмыстарға біздің ел қалай қарайды, қолға алған істер қалай жүзеге асып жатыр? Міне, осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында республикаға белгілі энергетик, «Энергия әлемі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Кенжемұрат Дүкенбаевпен әңгімелескен едік.
– Кенжемұрат аға, өзіңіз де жақсы білесіз, қазір әлем экологиялық және экономикалық дағдарыстардың алдында тұрғаны жасырын емес. Оған негіз болатын факторлар жетерлік. Сұхбатымызды осындай әңгімеден бастасақ қалай болады? Сіз бұған не айтар едіңіз?
– Жақында маңызды саяси құжат жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын халыққа арнады. Мұнда әлемде орын алған экономикалық дағдарыстардың зардаптары мен пандемияның залалдары сөз болды. Сонымен қатар одан қалай құтылудың, қалай қалыпқа келтірудің жолдары қарастырылды. Ол үшін тың серпілістердің, батыл қимылдардың қажеттілігіне тоқталды. Барлық әрекеттер бір-біріне тығыз байланысты. Мәселен, өнеркәсіпті дамыту мен экологиялық талаптарды сақтаудың мәні зор. Осыған орай кәсіпкерлікті жандандырудың жаңаша әдіс-тәсілдері өмірімізге дендеп енуге тиісті. «Кәсіпкерлікке қолдау көрсеткенде орта бизнеске де ерекше назар аудару керек. Өйткені нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенеді» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Осынау бағдар бәріміз үшін ортақ мақсат болуға тиісті.
Өздеріңіз білесіздер, бүгінгі таңда ғаламдық дағдарыстың алдын алу, оған тосқауыл қою жағдайы адамзат үшін ортақ мәселеге айналды. Саналы жандар орын алған оқиғаларды жан-жақты сараптап, орындалуы керек іске белсене араласуда. Қазіргі экологиялық ахуал бәрімізді толғандырмай қоймайды. Неге десеңіз, пайдалы деген нәрсенің де олқы тұстары болады. Техника мен технологияның қарыштап дамығаны қуандырады. Сонымен қатар оның қоршаған ортаға залал тигізіп жатқаны да жасырын емес. Ауаның ластануы салдарынан аурудың түрі көбейді. Жер беті эрозияға ұшырап барады. Бұл – ғаламдық мәселе. Оны түзетудің жолын бірлесіп іздемесе болмайды.
Біздің ата-бабаларымыз барлығын күні бұрын болжаған. Бір сөзбен айтқанда олар нағыз экологтар еді. Тәлім-тәрбиені де соған байланысты дамытып отырған. Ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған өсиет сөздеріне қарап еріксіз таңғаласың. Соның бір-екеуіне тоқтала кетейік. «Бұлақ көрсең көзін аш», «Бір тал кессең, он тал ек», тағы басқа осыған ұқсас мақал-мәтелдер көп нәрсені ұқтырады. Астары қалың, түбі терең. Бабаларымыз болашақ ұрпағына табиғатты аялай білудің мәңгілік ережесін тапсырған. Өйткені, табиғат пен адам егіз жаратылыс. Сондықтан біздің бүгінгі міндетіміз де осылармен сабақтасуға тиісті.
– Адамзат баласы өзі жасаған қателіктерден құтылудың жолдарын өзі іздеп табуға тиісті деген идеяны меңзеп отырған секілдісіз. Ол үшін қандай мәселені басты назарға алу керек?
– Қазіргі климаттың өзгеру құбылыстары, экономикалық және энергетикалық дағдарыстар, жұқпалы аурулар індеті секілді ғаламдық проблемаларды шешу жолдарын іздегенде қандай негіздерге сүйенеміз? Соның жолдарын, мүмкіндіктерін дәл табу үшін тынбай ізденудің жөні бөлек. Мамандардың пікірі сан алуан. Мәселен, макроэкономистер несиелік мөлшерлеме мен салықты төмендетуді, кейбір салаларға субсидия беру сияқты жалпылама стандарттарды алдыға тартады. Сол арқылы дағдарыстан шығу мүмкіндіктерін іздейді.
Әрине, экономиканы көтерген жақсы. Көп нәрсе қаражатқа келіп тіреледі. Бірақ, бұл біржақты шешімдер. Өнім өндіруді арттырумен қатар табиғи ерекшеліктерді де ескеруге міндеттіміз. Ауа райының климаттық өзгеруі, минералды ресурстардың біркелкі еместігі, осыған ұқсас жайлар басты назарда болуға тиісті.
Экономиканы өркендетуге байланысты айтылған ойшылдардың нақыл сөздерінен көп нәрсені аңғаруға болады. Әйгілі ғалым Альберт Эйнштейн «Егер ойлау жүйеңізді жаңаша өзгертпесеңіз, туындаған әдіспен проблеманы ешқашан шеше алмайсыз» деген екен. Ал философ Декарт болса, жалпы мәселелерді рационалистік жолмен қарапайым бөлшектерге бөліп қарастыруды ұсынады. Яғни, орын алған проблеманы бүге-шігесіне дейін жіліктеп, алда тұрған шығындарды және оны қалай өтеу жолдарын айқын сезіне отырып талдау қажеттігін еске салады. Бұл әдістер бізге қазір ауадай қажет.
– Әлемнің бір бөлшегі қазақ елі. Жағдайды жақсарту арқылы ғаламдық дамуға үлес қосамыз. Энергетика маманы ретінде өзіміздегі мәселелер сізді қалай толғандырады?
– Біз елдің азаматы ретінде, энергетика саласының маманы ретінде экономиканы дамытудың тиімді тұстарына қатысты ұсыныстарды ортаға салуға міндеттіміз. Агроөнеркәсіп пен энергетика саласындағы тұтыну тауарлары, қызмет көрсетудегі түйткілді жайларды шешу үшін мынадай цифрларға мән беріп, сараптай кеткен жөн.
Мәселен, 80-ші жылдары еліміздің аграрлық саласы біршама қуатты болды. Суармалы жерлердің көлемі 2210,7 гектарға жетті. Суару көздерінен су алу 23,4 текше-километрді құрап, егіншілерге оның 18,7 текше километрі жеткізілді. Салыстырып көрсеңіз бәрін байқайсыз. Бүгінгі таңда судың жетіспеушілігі орын алған. Соның салдары егістік жер көлемінің азаюына, суармалы жерлердің құнарсыздыққа ұрынуына соқтырған. Ең бастысы, өнімнің өзіндік құнының өсуіне әкелген. Бұл ішкі мәселені түбегейлі шешуге тиістіміз.
Ал, мына жайға қалай қарайсыз? Белгіленген электр стансыларының қуаттылығы 19,330 мың МВт-ты құрайды. Алайда, максималды тұтыну уақыты кезіндегі электр қуатының нақты сұранысы 15,180 мың МВт болса да энергияны сырттан, Ресейден алуға мәжбүр болып отырмыз.
Бұл мәселені қалай ретке келтіреміз? Тек күрделі салымдар арқылы немесе тарифті көтеріп, өнеркәсіп қызметкерлерінің салығын өсіру, жеке адамдардың отбасылық бюджетіне ауыртпалық салумен шешеміз бе? Әлде, басқа жолдары бар ма? Әрине, бар. Ол үшін дербес ізденістерге қолбайлау болатын кедергілерді шектеу керек. Кедергінің үлкені – шектен тыс орталықтандыру. Бітпейтін қағазбастылық. Анықтамалар мен әртүрлі жоспарларды түгендеу. Басы артық келісімшарттар, тендерлер мен аукциондар. Осының бәрін басқарып отырған қадағалау орындарына тың серпіліс қажет деп ойлаймын. Онсыз жұмысты алға жылжыту мүмкіндіктері азая береді.
– Жетісу – жер жаннаты. Нулы, сулы өңір. Осындағы табиғи ресурстарды тиімді пайдалану барысына қандай баға бересіз?
– Бүгінгі таңда Алматы облысында қолжетімді су ресурстары 4,0 текше-километрді құрайды. Суармалы жерлердің көлемі – 439,2 мың гектар. Бұл – бір. 2019 жылы Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша электр энергиясына қажеттілік сағатына 11,5 млрд. кВт болды. Оның 38,5 пайызы сырттан тасымалданады. Сондықтан бұл аймақтардағы тариф еліміз бойынша ең жоғары.
Біздің мекеме жаңа технологияларды қолдана отырып 2008 жылмен 2019 жылдар аралығында облысқа қарасты аудандардағы өзендердің гидроэнергетикалық ресурстарын анықтау жұмыстарын жүргізді. Сонда бір ғана Алматы облысындағы өзендерге ұтымды 89 шағын гидроэлектр стансыларын салуға болатынын есептеп шығардық. Бизнес-жоспарды құрып, одан қанша электр энергиясы өндіріледі, қандай қаражат сомасы кетеді, жинақталатын судың мөлшері қандай – барлығын анықтадық. Қағазға түсірген кестеде олар тайға таңба басқандай көрсетілді.
Қазір өзендерді тұйықтап, бөгеттер салу жұмысы жергілікті биліктің құзырында. Осыған байланысты бір ұсынысты айтқым келеді. Алдағы уақытта бөгеттерді салу жұмыстарын түгелімен энергетиктерге міндеттесе деймін. Өйткені, біз бөгеттерді бетон құю арқылы сапалы етіп жасаймыз. Қызылағаштағы қайғылы жағдай естеріңізде болар, су бөгетінің сапасыздығы салдарынан апатқа жол берілді. Топырақ пен тас араласқан бөгет бөгет болып жарытпайды. Ол көпке шыдамайды. Бөгет салуды энергетиктерге жүктесе дейтінім сондықтан. Ол электр стансылардың бюджеті арқылы жүзеге асса дұрыс болар еді. Сонымен қатар, жаз айларында судың ирригациялық кестемен жіберілгені жөн. Сонда шаруа қожалықтары да, электр стансылары да суды тиімді пайдалана алады. Қолжетімділікті қамтамасыз ету өз қолымызда тұр.
– Еңбекшіқазақ ауданында бітірген жұмыстарыңыздың нәтижелері көңілдеріңізден шықты ма? Бұдан басқа қандай мәселелерге ден қоюға болады?
– Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік өзенінің бойында біз салған 4 шағын су электр стансысы жұмыс істеп тұр. Бұл жұмыстарға 5,1 млрд. теңге жұмсалды. Бюджетке иек артпадық, салық жеңілдіктерін де пайдаланбадық. Бүгінгі таңда сол мақсаттарға арнап банктен алған несиенің 94,5 пайызын қайтарып үлгердік. Мұны шағын және орта бизнес тиімділігінің жарқын көрінісі деуге болады. Есік қаласын ауызсумен және электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырмыз. Көзін тапса қолымыздан көп нәрсенің келетінін байқадық. Сонымен қатар, мынандай сұрақты да алға тартқым келеді. Неге осындай жобаларды көптеп жүзеге асырмаймыз? Ол кәсіп- орынға да, тұтынушыларға да пайдалы болатын еді.
1990 жылы «ҚазГидрожобалау» акционерлік қоғамы мен «Энергия әлемі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірлесе отырып ел аумағындағы шағын өзендердің гидроэнергетикалық ресурстарын түгел зерттеді. Қай жерге су электр стансыларын салу қажет деген мәселені көтердік. Оның қуаттылығын және әкелетін пайдасын есептеп шығардық. Бірақ Есік өзені, Лепсі, Қараталдан басқа белгіленген орындарда әлі күнге дейін қозғалыс байқалмайды. Заң бойынша үш жылдың ішінде бұл жерлерге құрылыс түспейтін болса, аталған жер телімдері мемлекетке қайтарылуы керек. Көрсетілген жер телімдерін бейберекет саудаға салуға болмайды. Осы істің қалай жүзеге асып жатқаны туралы Үкімет мониторинг жүргізуі қажет деп ойлаймын.
Шағын гидроэлектр стансыларын салатын жер телімдерінің құжаттарын рәсімдеу үшін 22 мекемені аралап шығуымыз тиіс екен. Уақыттың көбі осыған шығындалады. Сонымен қатар, жер телімдерінің бағасы қымбат. Негізгі мемлекеттік талап бойынша белгілі мақсатқа арналған телімдердің нақты бағасы көрсетілген. Осыны тиянақтайтын мезгіл жеткен сияқты.
– Инфрақұрылымның қажеттігі туралы не айтасыз?
– Шағын гидроэлектр стансылары мен су қоймаларының құрылысын жүргізу үшін сол аймақта инфрақұрылым болғаны жөн. Жол, байланыс, электр сымдары дайын тұрса, бәріне жеңіл болады. Оны арнаулы мекемелер орындауға тиісті. Алайда бұл жұмыстардың бәрін энергетиктердің мойнына артып қоятыны маған түсініксіз.
2019 жылдың соңына қарай ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарының бастамасымен «Жаңғыртылған энергия көздерін пайдалануды қолдау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қабылданған болатын. Іс жүзіне келсек, бұл Заң инвесторларға қолдау көрсете алмады. Керісінше, қадағалау мен тексеру орындарының функцияларын кеңейте түсті.
– Ол үшін қандай ұсыныстарды билік назарына салар едіңіз?
– Мұндай тосқауылдарды азайтып, инвесторларды қолдау үшін мынандай ұсыныстарды енгізу керек: ҚР Энергетика министрлігі жаңғыртылған энергия көздерін өндірумен нақты айналысатын нысандардың республикалық тізімін жасаса деймін. Олардан тендерге, аукционға қатысуды талап етпесе, қажетсіз құжаттардың санын азайтса дұрыс болатын еді. Сонда жұмыс та ойдағыдай жүзеге асады деп ойлаймын.
Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі Энергетика министрлігімен, сонымен қатар ҚР Жаңғыртылған энергия көздері қауымдастығымен және осы жұмыстармен айналысатын инвесторлармен бірлесе отырып жаңғыртылған энергия көздерін пайдаланудың кешенді жобасын әзірлегені абзал. Ол жобада барлық жұмыстар нақты көрініс табуы керек. Егер жаңғыртылған энергия көздерін пайдалануды жүзеге асыру жобасына мемлекеттік бюджеттен қаражат қарастырылмаған жағдайда техникалық сараптамалық қорытынды алумен ғана шектелу керек. Бұрын осылай болатын.
Еліміздегі энергия қуатының тапшылығына байланысты жаңғыртылған энергия көздерін пайдаланушылар үшін екі және үш деңгейлі тариф енгізу қажет. Сонымен қатар қай стансының немен жұмыс істеуіне қарай күн, жел, гидростансылардың тарифы әртүрлі болуы керек.
Бұл тақырыпқа арналған көзқарастар мен ойлардың бір сұхбаттың аясына сыймайтыны белгілі. Мен ондағы басты мәселелерге ғана тоқталдым. Барлығы ертеңгі күннің еншісінде. Болашаққа үміт артып, сеніммен қарайтынымыз сондықтан.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Болат Мәжит





