Облыстық білім басқармасы мен Жетісу құрылыс-техникалық колледжінің бірлесе ұйымдастыруымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Әлемдік техникалық және кәсіптік, орта білім беру кеңістігіндегі өзара әрекеттестік» атты семинар өтті. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі оқытудың тиімділігі мен тұрақты дамуын арттырудың практикалық міндеттерін талқылау мақсатында өткен семинар халықаралық дәрежеде өрнек тапты.
Жетісу құрылыс-техникалық колледжінің білімгерлерінің сахналауындағы «Ұстаз» қойылымымен бастау алған семинарды облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әли Солтанбек құттықтау сөзімен ашты. Ол:
– Бүгінгі таңда әрбір жас баланың болашағына лайықты бағдар беру қоғамның, ата-ана мен ұстаздардың жауапкершілігінде. Әрбір бала өскенде бай болғысы келеді. Ал байлыққа жеткізер дүние блогерлік пен әншілік, не жұлдыз болу деп санайтыны айтпаса да түсінікті. Сонда кәсіптік-техникалық салаға кім барады? Жұмысшы маман болу тұрмыстық мұқтаждыққа алып бара ма? Жоқ, әрине. Кім адал еңбек етсе, қоғам сұранысына сай маман болса оның табысы да, тірлігі де жақсы болмақ. Біз жастардың санасына осыны орнықтыруымыз керек, – деп ағынан жарылып, семинарға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Семинардың пленарлық жұмысын Бішкек құрылыс, сәулет және басқару колледжі директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Марина Досбергенова мен аталған колледждің бөлім меңгерушісі Нура Иманалиева ашты. Өз кезегінде Меркі колледжінің директоры Ғалымжан Мамырбаев, Алматы құрылыс-техникалық колледжінің директоры Бектұрған Ахметов, «Талап» КЕАҚ Техникалық және кәсіптік білім әдіснамасы және мазмұны басқармасының 1 дәрежелі бас менеджері Анар Альмагамбетовалар ойларын ортаға салды.
Жұмыс беруші әлеуметтік серіктестік «ТАЭТК» АҚ-ның оқу орталығының жетекші инженері Дана Нұршанова «Электржабдықтары» мамандықтарының екі жақты жұмыспен қамту мәселесін қозғады. Жетісу университеті мансап және жұмысқа орналасу орталығының директоры Самал Смағұлова білім алушыларды жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Халықаралық семинар жұмысы тәжірибе бөлісу алаңдарымен жалғасты. Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің директоры Динара Бозымбекова колледждегі халықаралық қатынастар жұмысы туралы, Сарқан политехникалық колледжінің директоры Ерлан Дармишев пен Жетісу құрылыс-техникалық колледжінің оқу-өндірістік бөлім меңгерушісі Абылай Сәлімбаев академиялық ұтқырлықтың мүмкіндіктері жайлы атап өтті. Ал, Өркен балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының тренері Гүлнар Төкенова «Қауіпсіз және қолайлы орта қазіргі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының ажырамас бөлігі» тақырыбында, облыстық білім басқармасы «Әдістемелік орталығы» әдіскері Лаура Орманова мен Сарқан көпсалалы колледжінің оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ұлан Абильбеков жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу туралы баяндады. Облыстық психологиялық қолдау орталығының директоры Динара Қыдыкенова эмоционалдық және әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға бағыттаудың ерекшелігі жайлы өз тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар соңында тәжірибе таратқан әріптестер Жетісу облысы білім басқармасының Алғыс хаты және сертификатымен марапатталды.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ