Аудандағы кәсіпкер әйелдердің белсенді жұмысының нәтижесінде өнім өндіруге бағытталған жаңа кәсіпорындар ашылуда. Осы орайда «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы аясында кәсіпкерлердің жетістіктеріне тоқталуды жөн көрдік.
Сарқан ауданынан сабын өндірісімен айналысатын Юлия Фисюкова, жеміс-жидек өңдеу және өндіріс саласында белсенді Светлана Мұқашева, қазақтың дәстүрлі қолөнері мен этнодизайн бағытындағы шебер Эльмира Ақпанова облыстық деңгейде жеңімпаз атанып, гранттарға ие болды. Осылайша 2023-2024 жылдар аралығында облыста өткен байқаулардың қорытындысы бойынша финалға шыққан 9 әйелдің үшеуі Сарқан ауданынан.
Қойлықтық Светлана Мұқашева 33 жыл бойы сауда саласында жұмыс істеп, кейіннен бау-бақшамен айналысып он жылдан астам уақыт бойы жеміс-жидек дақылдарын өсіріп және өңдеп, тұтынушыларға табиғи өнімдерді ұсынып келеді. Оның қызметі дақылдарды отырғызу мен күтуден бастап оларды өңдеуге және түпкілікті өнімді сатуға дейінгі өндірістің толық цикліне бағытталған.
– Қарап отырсам, немерелеріміздің жеген тағамдары қоспасы көп өнімдер. Таңқурай тосабын денедегі ыстық көтерілген кезде береміз. Ал аспиринді осы таңқурайдан жасайды емес пе? Сөйтіп мен жеміс-жидектерден джем, компот дайындадым. 2013 жылы жеке кәсібімді ашып, өнімді өсіріп, өңдеумен шұғылдандым. Кәсібім алма, таңқурай, қаражидек, мүкжидек сынды бау-бақша дақылдарын өсіруден бастау алды. Барлығы табиғи экологиялық таза өнім. Ең үлкен тұтынушымыз – «Алматы қала безендіру» ұжымы. Солардың тапсырысына сәйкес бір айда 100 келі тосап дайындалады. Кептірілген алманы ауылдағы, Сарқан қаласындағы балабақшаларға өткізіп жүрмін, – дейді кәсіпкер.
Бүгінде «Мұқашева» жеке кәсіпкерлігінде 3 адам жұмыс істейді. Бірақ іскер әйел атап өткендей, маусым кезінде жұмыс көлемі артқанда жалдамалы жұмысшылар саны 25 адамға дейін жетеді. Екінші жыл Светлана Төлеуқызы «Бір ауыл – бір өнім» жәрмеңке-көрмесіне қатысты. Қазылар алқасының мүшелері оған өз тауарларын бренд-комитет мүшелерінің алдында таныстыруға мүмкіндік берді.
Светлана Төлеуқызының алдағы жоспары да ауқымды. Бірте-бірте қол жұмысын механикаландырып, цех ашып, 10 гектар алма бағы, 1 гектар таңқурай, қара қарақаттан тұратын жеміс-жидек дақылдарын өңдеу желісін іске қосуды жоспарлап отыр.
Қойлықтың тағы бір тұрғыны Юлия Фисюкова сабын жасаумен айналысады. Мамандығы фармацевт. Сабынмен 10 жыл бойы хобби ретінде айналысқан ол кейінгі 5 жылда осы кәсібінен нәсіп көріп келеді. Өйткені сабын үлкен сұранысқа ие. Кәсіпті жетілдіріп алған кей- іпкеріміз қазір сабынды көптеп шығаруды қолға алды. Оның сыйлыққа арналған, эксклюзивті, шөптен жасалған сабыны өз тұтынушыларын тауып үлгерді.
– Біз экологиялық таза Жетісу өңірінде тұратындықтан барлық сабындарға шөптің сығындыларын қосамыз. Сабынның негізі – табиғи майлар. Біз өсімдіктерден сығындылар жасаймыз. Оны жазда, күзде алдын-ала дайындаймыз. Дәрілік шөптерден сабынның 40-тан аса түрі өндіріледі. «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысудың арқасында маған кәсібімді дөңгелетуге айқын жол ашылды, – дейді кәсіпкер.
Юлия Николаевна кәсіптің арқасында қосымша 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкердің болашақтағы жоспары жұмыстың жеңілдеуі үшін өнім кептіретін кептіргіш алып тапсырыспен бренд ретінде тұтынушыларға жөнелту.
Жақсылық ИГІМАН