Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан бес трансшекаралық хабтың құрылыс барысы мен даму перспективалары жөнінде Үкіметте арнайы жұмыс тобының отырысы өтті. Жиынды вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жүргізді.
«Орталық Азия» ХӨКО: инфрақұрылым мен өндіріс қатар дамуда
Түркістан облысында Өзбекстанмен шекара маңындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы аумағында инженерлік инфрақұрылым салу жұмыстары қызу жүргізілуде. 50 гектар аумақта электр желілері тартылып, автожол мен газ жүйесі салынып жатыр. Сонымен қатар, 1580 шаршы метрді құрайтын сегіз өндірістік ғимараттың құрылысы басталды. Бұл нысандарда медициналық бұйымдар, ПВХ өнімі, мақта өңдеу, органикалық қалдықтарды өңдеу және тамшылатып суару сияқты бағыттағы өндірістер орналаспақ. Орталықтың толық іске қосылуы 2026 жылдың IV тоқсанына жоспарланған.
«Алатау» ИСЛК: $200 млн инвестиция тартылды
Қырғызстанмен шекарадағы Жамбыл облысында орналасқан «Алатау» индустриялық-сауда-логистикалық кешенінде 10 инвестициялық жоба қолға алынған. Бұл жобаларды «ROMSEY HOLDINGS KZ» ЖШС жүзеге асырады. Жалпы инвестиция көлемі – 200 миллион АҚШ доллары. Қазіргі таңда сыртқы инфрақұрылым бойынша жобалық құжаттар дайындалуда. Жоспарланған өндірістер қатарында майлы дақылдар мен бидайды қайта өңдеу, пластик, кабель, фарфор, көкөніс өнімдерін өңдеу бар. Бұдан бөлек, автозауыт, балалар тағамын өндіретін кешен, көрме орталығы мен қонақүй салу жоспарланған. Бұл хаб 2026 жылдың II тоқсанында іске қосылады.
Каспий торабы: контейнерлік хабтың алғашқы кезеңі іске қосылды
Маңғыстау облысындағы Каспий хабы шеңберінде Ақтау портында салынған контейнерлік хабтың бірінші кезеңі 9 маусымда пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін екінші кешен іске қосылады. Жобаның толық аяқталуы 2026 жылдың желтоқсанына жоспарланған. Нәтижесінде порттың өткізу қабілеті 70 мыңнан 240 мың ЖФЭ-ге дейін артады. Мұнда контейнерлерді тиеу, сақтау, жөндеу және теміржолмен тасымалдауға қажетті инфрақұрылым жасақталмақ.
Сонымен қатар, Құрық портында «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалының құрылысы жүріп жатыр. SEMURG INVEST инвестициясымен салынып жатқан бұл нысанның қуаты – жылына 10 миллион тонна. Құрылыс 2026 жылы аяқталады.
«Еуразия» ТСО мен «Қорғас» ХӨКО: даму тұжырымдамалары дайындалады
Батыс Қазақстан облысындағы Ресеймен шекарада орналасқан «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығында индустриялық аймақ құрылып, асфальт-бетон зауытының құрылысы басталды. Жоспарда битум қоймасы, шиналар мен пластикті қайта өңдеу, газдалған бетон өндірісі бар. Алайда, толыққанды инфрақұрылым мен біртұтас даму тұжырымдамасының болмауы жобаның ауқымды дамуын тежеп отыр. Осыған байланысты Kazakh Invest орталықтың инфрақұрылымын кешенді бағалауға кірісті.
Қытаймен шекарадағы Жетісу облысында орналасқан «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығында 258 млрд теңге көлемінде 45 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде 25 жоба 213 млрд теңге көлемінде нақты іске асыру сатысында. Сонымен қатар, Ұйғыр ауданында Халықаралық цифрлық көлік-логистикалық хаб пен «Көлжат» агроөнеркәсіптік аймағын салу көзделіп отыр.
Тапсырма: екі хаб бойынша тұжырымдама әзірленеді
Отырыста вице-премьер Серік Жұманғарин мемлекеттік органдарға «Қорғас» ХӨКО мен «Еуразия» ТСО-ны дамыту тұжырымдамаларын 2025 жылдың 1 тамызына дейін әзірлеуді тапсырды. Құжаттарда аталған хабтардың ел экономикасындағы рөлі мен оларды қаржыландыру қажеттілігі нақты көрсетілуі тиіс.