Тарихы мыңжылдықтардан тін тартатын көне Жаркент ежелден құрылыс шеберлерінің қаласы. Оның бүгінгі келбетінен де әр дәуір шеберлерінің қолтаңбасын көруге болады. Батысында Өсек өзені жағасындағы биік жарларға тұмсық тірейтін көне қала бүгінде жан-жағына көлемін кеңітіп, іргелес орналасқан Жерұйық, Головацкий, Кішішыған, Үлкеншыған ауылдары болашақта қала аумағына қосылатынын құрылыстар қарқыны аңғартады.
Қалада салынған мейрамхана, қонақүйлер мен әртүрлі дүкендердің санынан сүрінесің. Соңғы жылдары қалада тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып келеді. Өткен жылы Жаркентте 180 отбасы жаңа баспана алу қуанышын тойласа, бұл көрсеткіш биылғы жылы 700-ден асып жығылмақ. Жыл басынан бері Нұркенттегі екі 80 пәтерлі, Жаркент қаласындағы екі 60 пәтерлі үйлерден 280 отбасы жаңа қонысқа ие болды. Қалада салынған 120 пәтерлі үйдің сыртқы инженерлік құбырларының құрылысы аяқталса, қараша айының соңында үй кезегіндегілерге пәтер кіліттері тапсырылмақ. Бұдан басқа, аудан орталығында «Самұрық-Қазына» АҚ арқылы екі 60 пәтерлі, бір 80 пәтерлі үй салынуда, бұлар үстіміздегі жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар аудан әкімшілігі аз қамтылған отбасыларға 100 үй сатып алуды көздеп, оның 58-і жақында алынбақ.
Биыл бекітілген жоспарға сәйкес бюджет қаржысына салынған 70 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілмек. Халықты жайлы баспанамен қамтамасыз етудің жүйелі жоспарының жүзеге асуы үй кезегіндегі 5370 тұрғын санын 4670-ке дейін төмендетеді.
– Қазір біздің бөлім тапсырыс берген 4 құрылыс объектісі ерекше назарымызда, – дейді аудандық құрылыс-сәулет және қала- құрылысы бөлімінің жетекшісі Мақсат Қайназаров. – Жаркент қаласындағы Беспаев көшесінде «Сем Шоғы Құрылыс» ЖШС салып жатқан 60 пәтерлі үйлердің құрылысын сапалы әрі мерзімінде пайдалануға беруді көздеп отырмыз.Мұндағы құрылыс жұмыстарының 95 пайыздан астамы атқарылып болды.
Әлеуметтің әлжуаз тобына арналған үйлерді салуға 561 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған.Аудан басшысы қалада 30 және 40 жаңа үй салу үшін «ЭлитСтройЕД» және «Sabrinvest» ЖШС-мен меморандумға қол қойған. Бұлар құрылыс жұмыстарын қарқынмен бастап кетті. Бұдан басқа тағы 30 үй құрылысын «ТрансСтрой Групп» ЖШС салуда.
Аудандық құрылыс бөлімінің мәліметі бойынша Атамекен ауылы мен Жаркент қаласында салынатын сегіз 60 пәтерлі үйдің жобалау-сметалық құжаттары жасалып, олардың құрылысын «ABADANConstrurction» және «ART-ConstructionCompani» ЖШС жүргізеді.
Панфилов ауданында мұндай үй құрылысының қарқыны кеңес кезеңінен бері болған емес. Олардың саны мен сапасы көз қуантады, көңіл демдейді. Жаркенттіктер үй салудан өзгелерден қара үзіп, үздік атанып отыр.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ