Жетісу облысында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің 49 пайыздан астамын әйелдер басқарады. Өңір дамуына үлес қосып отырған әйелдерге Үкімет тарапынан да барынша қолдау көрсетілуде.
Облыстағы іскер әйелдердің жұмыстарын қорытындылау мақсатында Кәсіпкерлер палатасында «Әйелдер бизнесі – мемлекеттің тірегі» атты форум өтті. Үшінші жыл қатарынан өткізіліп келетін форумда «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысқандардың көрмесі ұсынылды. Биыл бұл жобаға 40-қа жуық жергілікті кәсіпкер қатысып, жоба қорытындысы бойынша 9 үздік өндіруші анықталыпты.
Кең залға жайғасқан кәсіпкерлер көрмеде өз қолдарынан шыққан табиғи өнімдерді ұсынды. Келушілер тек көрмені аралап қана емес, өзіне керекті өнімді сатып алуға ниет те білдіріп жатты. Сонымен қатар іс-шарада өңірдегі кәсіпкер әйелдердің қызметі туралы «Табыс тарихы» атты бейнероликтің тұсаукесері ұсынылды.
Форумның алғашқы құттықтау сөзін алған облыстық Кәсіпкерлер палатасының төрағасы Дәурен Оңалбаев экономикамызға қомақты үлес қосып отырған әйел кәсіпкерлер көп екенін айтып, отбасының ырысын еселеп, кәсібінен нәсіп тапқан жандардың ісіне береке тіледі.
Форумға қатысушыларға облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Римма Салықова да жүрекжарды лебіз білдірді.
Мұнан соң еңбегімен елдің ықыласына бөленіп жүрген іскер әйелдер марапатталып, сый-құрметке бөленді. Осындай жүлдегерлердің бірі «Бір ауыл – бір өнім» жобасының ең үздігі» атағына ие болған ЖК «Динара» шұжық өндірісінің иесі, алакөлдік Динара Әділбаева.
– «Динара» бренді екі жылдан астам уақыт бойы жоғары сапалы шұжық өнімдерін өндірумен айналысады. Брендтің басты ерекшелігі – табиғи ин- гредиенттер мен дәстүрлі рецептерді қолдану арқылы әрбір өнімнің керемет сапасын қамтамасыз ету. Әрбір шұжық химиялық қоспасыз, мұқият таңдалған табиғи ет пен дәмдеуіштерден дайындалады. Біз өнімді тек жайылымдағы малдың етінен дайындаймыз. Сойған жылқымыздың қазы, жаясын ыстап сатамыз. Осы форумға жаңа өнімнің түрі «әсіп» жасап алып келдік. Бұл дегеніңіз, жылқының іш майын қартаға салып пісіретін ұлттық тағам. Пісірілген соң оны ыстадық. Өзім жаңашылдыққа құмар адаммын. Сондықтан әркезде жаңа өнім қосып отыру әдетім.
Кәсіпті шұжықтан бастап, кейін қазы жасауды қостық. Өнімімізді алатын тұрақты тұтынушыларымыз бар. Шағын цехта үш көмекшім жұмыс істейді, сұраныс өте көп болғандықтан алдағы уақытта кәсіпті кеңейтсек деген ойымыз да бар. Биыл «Бір ауыл – бір өнім» жобасының үздігі атандық. Бұл да еңбектің еленгені деп білемін. Іскер әйелдердің қатарына еніп, осындай форумға қатысу бұйырды. Мұндай іс-шара кәсіпкердің бір-бірімен тәжірибе алмасып қана қоймай, жаңа идея тудыруға да оң ықпалын тигізбек, – дейді Динара Теңізбайқызы.
«Әйел – кәсіпкер», «Әйел – саясаткер», «Әйел – іскер». Қалай айтсақ та әйелдер бизнесі мемлекеттің тірегі болып тұр.
Сарби ӘЙТЕНОВА





