Сарқан ауданында қуаттылығы 50 МВт болатын жел электр станциясы салынуда. Бұл туралы «Жетісу» газеті Сарқан ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Лепсі өңірінде салынып жатқан ЖЭС — негізінен жеке қаражат есебінен жүзеге асырылып жатқан аудандағы ең ірі жоба. Жауапты «ВЭС Абай-2» ЖШС өкілдерінің айтуынша, кезең-кезеңімен жоспарланған электр станциясы 2019 жылы басталып, 2022 жылдың соңына дейін аяқтамақ.
Алдымен кең жазыққа жол салып, бүгінгі күні жұмыстары қарқын алып, қондырғылардың негізі құйыла бастаған. Құрылыс аймағында 100-ге жуық азамат жұмыс істеуде.
— Мұндай электр қуатын өңдейтін станция Қапшағай қаласында бар болса, енді ауданымыздың Лепсі аймағында да бой көтеруде. Бірақ қуаттылығы жағынан Лепсі станциясы басым түспек. Яғни, жылына 50 МВт ток көзін өңдемек. Жыл соңына дейін 6 қондырғы орнатылып, іске қосылмақ, — деді аудан әкімі Талғат Қанатұлы.
Лепсі ауылынан 80 км қашықтықта орналасқан станция жазықта орналасқан әрі желді аймақ. Желдің өтіндегі жайпаң мекен болғандықтан жарық қуатын өңдейтін мұнаралар үшін таптырмас жер.
Биіктігі 100 метр, айналғыш қанаттары 70 метр болатын мұнараның саны 16 болады. Олардың біреуінің өзі 3,2 МВт өңдеуге қауқарлы. Осындай ірі әрі тиімді жобалардың арқасында ауданға инвестиция тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылып, өңіріміздің одан әрі дамуына өз септігін тигізбек.
Айта кетейік, жел электр станциясының салыну жұмыстарына жеке қаражат есебінен 19 млрд.теңге инвестиция тартылған.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





