Дулатхан Кегенбеков қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Нұрлан мал бағудың қыр-сырын жетік меңгеріп, ісін шебер атқара білді. Ветеринария мамандығы бойынша білімі бар. 1986 жылы әке жолын жалғап, Сарыбұлақ асыл тұқымды қой зауытында еңбек жолын бастаған.
«Сарыбұлақ» қой кеңшарында шопан көмекшісі, кейіннен аға шопан болып, өзіне мол тәжірибе жинады. 2001 жылға дейін асыл тұқымды қой шаруашылығын өркендеткен кеңшардың даму жолында тер төгіп, аға буындармен етене қызмет етті. Кейіннен қой шаруашылығы тарап, жекеменшікке шықты. Сөйтіп, «Арай» жеке шаруа қожалығы құрылды. Бұл Дулатхан Нұранұлының алдағы жетістіктерінің ең үлкен қадамы болды.
2002 жылы қазақтың биязы жүнді аналық қойын Германияның «дойче меринофлейшшаф» қошқарларымен шағылыстыру арқылы алынған будандарды өсіру әдісі пайдаланылды. Будандастыру Дулатхан Нұранұлының жеке шаруа қожалығында жүргізілді. Сөйтіп, ет бағытындағы малдың таза тұқымын өсіру әдісі қолданылды. Қойдың жаңа тұқымы жыл бойы шалғай жайлауда, әсіресе, шөл және шөлейтті белдеудегі жайылымдарда жайылды. Қыстың қақаған аязына да жақсы бейімделді. Дулатхан Нұранұлы әр жылдың жаз айларын Кербұлақ ауданына қарасты Сатылы жайлауында өткізеді.
2003 жылы «етті меринос» қоғамдық ұйымы құрылып, бірлестіктің төрағасы болып тағайындалды. Сарыбұлақ асыл тұқымды қой шаруашылығында қазақтың биязы жүнді қой тұқымын дамыту жолында өзінің еңбегін тікелей ғылыммен байланыстырып, шаруашылыққа енгізді. Австралиялық меринос, етті-жүнді меринос және Арқар меринос қой тұқымдарын толық зерттеп, өз тәжірибесінде қолданды.
2001-2010 жылдар аралығында ет өнімділігін арттыру және биязы жүн сапасын жақсарту мақсатында ғалымдармен бірлесе жұмыс істеп, зерттеу жүргізді. Биязы жүнді қойдың етті бағыттағы меринос тұқымы Сарыбұлақ асыл тұқымды қой шаруашылығында шоғырланған. Дулатхан Нұранұлы еліміздің отандық ғалымдарымен бірге етті меринос жаңа қой тұқымының сапасын анықтап, 2010 жылы мемлекеттік комиссияға ұсынып, 2011 жылы зияткерлік комитет тарапынан селекциялық жетістік ретінде мақұлданып, патент берілді. Бұл қой шаруашылығындағы ең үлкен ғылыми тәжірибелік жетістіктердің бірі.
2019 жылы Қ. Медеубеков атындағы Қазақ қой шаруашылығы технологиялық ғылыми-зерттеу институтында Қазақстанның қой өсірушілерінің конгресі ұйымдастырылып, оған алыс, жақын шетелдерден сала мамандары шақырылды. Осы конгресте Дулатхан Кегенбековке мал өнімдерін өндірудің жаңа технологиясындағы үлкен мәселелерге, әсіресе, ауылшаруашылығы өндірісінде қой шаруашылығының өндірістік технологиясын жасап, осы әдістерді мал шаруашылығында кеңінен енгізгені үшін, сонымен бірге қой өсіру саласын дамытуға және кеңінен таратуға атсалысқан ерен еңбегі үшін ҚР Ғылым мен техника саласының Мемлекеттік сыйлығы беріліп, қой тұқымының авторы ретінде де марапатқа қол жеткізді.
Сондай-ақ, ол ҚР-ның қой шаруашылығындағы Зияткерлік комитетінің «Автор породы» («Етті меринос») атты медалімен марапатталды, 10 жыл бойы қой шаруашылығында ғалымдармен жасалған зерттеу жұмысының нәтижесінде жаңа қой тұқымы туралы «Жаңа тұқым – етті меринос» кітабы жарыққа шықты. Сонымен бірге, Қ. Медеубеков атындағы «Қазақ қой шаруашылығы технологиялық ғылыми-зерттеу институтының мүшесі» төсбелгісінің иегері атанды. Өткен жылы Ауылшаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Кейіпкеріміз бүгінде қой шаруашылығының тамаша білгірі, етті меринос тұқымының жоғары бағалы қойын өсіру бойынша селекционер және технолог. 2004 жылы құрылған «Арай» жеке шаруа қожалығында қазір биязы жүнді етті меринос қойын өсіру жалғасып, тұқымын асылдандыру белсенді жүргізілуде. Бүгінде қожалықта барлығы 600 бас ұсақ мал бар, оның 500 басы аналық, 13 басы қошқар. Сонымен бірге 20 жылқы, 20-дан аса ірі қара бағылуда. Шаруашылыққа қажет техникалар да жұмыс атқарып тұр. Өздерінде бар 633 гектар жердің бәрі жайылымдық. Сондай-ақ, 4 адам еңбек етеді.
Дулатхан Нұранұлының зайыбы Ұлтуар Тұрлықожақызымен отау құрғандарына 40 жыл толды. Ұл-қыздарын тәрбиелеп, немерелеріне қарайласып отырған бұл отбасы бүгінде көпке үлгі. Ұлтуар Тұрлықожақызы көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері. Ата-ана ретінде ұл-қыздарының еңбек пен білімге құлшынысын оятып, биік белестерден көрінуіне септіктерін тигізді. Дулатхан Нұранұлы, сондай-ақ, Сарыбұлақ ауылдық округі халқының әлеуметтік-экономикалық дамуына да елеулі үлес қосып келеді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА