Су ресурстары және ирригация министрлігі су саласында еңбек ететін мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша бірқатар іс-шара әзірледі.
Аталған министрлік «Табиғи монополиялар туралы» Заңға өзгерістер енгізуді ұсынды. Бұл өзгерістер су саласы қызметкерлерінің еңбекақысын электр және жылу саласында жұмыс істейтін мамандардың жалақысымен теңестіруге бағытталған. Қазіргі уақытта заң жобасы Сенаттың қарауына жіберілді. Түзетулер қабылданған жағдайда ол биылдың екінші жартысында су саласы қызметкерлерінің жалақысын 50%-ға дейін өсіруге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, бұл салада кадр тапшылығын азайтып, білікті мамандарды тартуға көмектеседі.
Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында аталған министрлік салалық жоспар әзірледі. Онда жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіби стандарттарды дайындау және мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстары қамтылған. Мұндай іс-шараларды жыл сайын өткізу көзделіп отыр. Қытай, Франция, Израйль, Нидерланды және АҚШ сияқты елдермен қазақстандық кадрларды қайта даярлау бойынша келісімдер жасалды. Қазірдің өзінде біраз маман шетелде оқып келген. Бұл ретте барлық шығынды қабылдаушы тараптар өтеген.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Отбасы банк» су шаруашылығы саласы мамандарына жеңілдетілген шарттармен тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік беретін ипотекалық бағдарламаны іске қосты. «Дипломмен ауылға» бағдарламасына «Гидротехник-инженер», «Су ресурстары және су пайдалану», «Мелиорация, рекультивация және жерді қорғау» мамандықтары қосылды. Ауылға қоныс аударған су мамандарына берілетін бюджеттік несие көлемі 7,8 млн. теңгеге дейін ұлғайтылды.
Сонымен бірге «ҚР Мемлекеттік наградалар туралы» Заңына толықтырулар енгізілді. Су шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосқан мамандарға «Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы беріледі. ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, елдегі су шаруашылығы саласында 10 мыңға жуық адам еңбек етеді. Оларға қолайлы еңбек жағдайын жасап, лайықты жалақымен қамтамасыз ету маңызды саналады. Су шаруашылығы саласы мамандарын әлеуметтік қолдау, сондай-ақ оларды қайта даярлау инфрақұрылымды дамыту мен нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруден кем емес. Былтыр 7 мыңнан аса адамның жалақысы орта есеппен 25%-ға өскен. Су шаруашылығы мамандығының беделін арттыру үшін министрлік бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра бермек.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА