Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев Ақсу ауданына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі ауылшаруашылығы саласының оң көрсеткіші мен түйткілді мәселесіне көз жүгіртті. Одан бөлек құрылысы аяқталған Қызылағаш су қоймасына қатысты әзірленіп жатқан жоба жұмысымен және суармалы жерлерге судың жеткізілу көрсеткішімен танысты.
Қызылағаш су қоймасының сыйымдылығы 42 миллион текше метрді құрайды. 2010 жылға дейін 1 420 гектар суармалы жер болса, оған 5 260 гектар қосылады. Су қоймасы барлығы 6 680 гектар жерді суғаруға әзір. Ол үшін қазіргі уақытта қойманы автоматтандыру және су құбырын тарту бағытында жоба әзірленуде. Жоба құны – 8,9 миллиард теңгеге бағаланған. Жоба жемісті іске асатын болса су тапшылығы жойылып, егістік алқапқа су жерге сіңбей құбырлар арқылы шығынсыз жетеді. Биылғы жауын-шашынның аз болуы мен су тапшылығына қарамастан аудан бойынша 126,6 мың тонна қант қызылшасы, 74 мың тонна дәнді дақылдар, 31 мың тонна майлы дақыл және 30 мың тонна картоп өнімін алу жоспарлануда. Осы өнімдерді алу үшін Қызылағаш су қоймасына жиналған сумен егістік алқаптар суарылуда. Дегенмен алқапқа жеткенше біраз су жерге сіңіп, азайып қалады. Оған себеп арықтардың дұрыс тазаланбауы мен су құбырларының жоқтығы.
Серік Мэлсұлы «Квитко» шар-уа қожалығының қант қызылшасы алқабына келіп, өңірдегі шаруа қожалықтарының жетекшілерімен жүздесті. Олар көкейлеріндегі сауалдарын жолдап, ұсыныстарын жеткізді.
– Қант қызылшасы осыған дейін бір рет қана суғарылды. Енді екінші мәрте суғаруға кірістік. Сөздің шыны керек, су тапшылығы сезілді. Су алу үшін кезекке тұрамыз. Алқабымыз жоспар бойынша екі апта бұрын суғарылуы керек еді. 4 жылдан бері тәтті түбірдің бағасы бірқалыпты тұр. Барлығы қымбаттады. Бізге баға қосса деген ұсынысымыз бар. Себебі, техникамыз бұзылып бөлшекті қымбатқа сатып аламыз, адам жалдап ақысын төлейміз, – деді «Квитко» шаруа қожалығының жетекшісі Александр Квитко. Сонымен қатар, жобаға енбей қалған жерлері бар шаруа қожалықтарының жетекшілері өз егістіктерін енгізуді өтінді. Ал «Агрохолдинг Ақсу» ЖШС директорының орынбасары Әмір Изембаев сүтті-тауарлы ферма құрудың жобасымен таныстырды. Жоба аясында 620 бас монбельярд тұқымды сүтті, етті бағыттағы сиыр әкелмек. Ферма құру үшін 2,5 миллиард теңге қажет.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев Құрақсу ауылындағы балық шаруашылығымен танысты. «Қаратал» ЖШС балық өсіріп, көбейту мақсатында өзенге 7 миллион сазан шабағын жіберген. Шаруашылық ойдағыдай жемісті жұмыс жүргізуде. Содан кейін Ақсу қант зауытына бас сұққан Серік Мэлсұлы зауыттың қауырт кезеңге дайындық барысын бақылады. Зауыт директоры Самат Надирбаевтың айтуынша, мұнда 175 адам жұмыс істеп жатыр. Биыл үш ауданнан 150-200 мың тонна қант қызылшасын қабылдау үшін қызу жұмыс жүруде. Қазіргі таңда зауыт 35-40 пайызға дайын. 2017 жылдан бері тәтті түбірді өңдеу, шырын тазарту, дайын өнім цехы 80 пайызға жаңартылған.
Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев:
– Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша бүгін Ақсу ауданын аралап шықтым. Қызылағаш су қоймасын көрдік, қазір ол қайтадан орнына келді. Су құбырларын тарту бойынша үлкен жоба бар. Ақсу ауданында қосымша 7 мың гектарға дейін суармалы жер болады. Облыста 140 мыңға дейін суармалы жерлер қосылады, – деп Ақсу қант зауытын өніммен қамту мәселесін айтты. – Зауыт көп уақыттан бері жұмыс істемеген еді. Үш жылдан бері қант шығарып жатыр. Басты мәселе – зауытты қызылшамен қамтамасыз ету. Биыл жауын-шашын, су көлемі де аз болды. Соған қарамастан толықтай қамтамасыз етеміз деген сенімдеміз.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев жұмыс сапарында қозғалған мәселелер шешімін тауып, ұсыныстар ескерілетінін жеткізді. Бастысы, карантин шараларына қарамастан ауылшаруашылығы өнімін жоспарға сай алу керектігін айтты.
Мәулен ӘНЕРБАЙ
Ақсу ауданы
Алматы облысы





