Жетісу Алатауының шұрайлы бөктеріне емініп жатқан Алакөл ауданы мал шаруашылығын дамытуда мол мүмкіндікке ие. Осы тұрғыдан келгенде ауданда жыл өткен сайын мал басы мыңғырып өсіп келеді. Бүгінде аудандағы ірі қара саны 44332, қой мен ешкі 119268, жылқы 24160 басқа жеткен. Биыл 9 айда 4631,3 тонна ет, 2683,4 тонна сүт өндіріп, аудан экономикасына қомақты кіріс кірген.
Осы саланың бойына қан жүгіртіп отырған шаруа қожалықтарының да жұмысы ширап, алдағы жоспарын жүзеге асыруға деген жігері артып келе жатқанын байқадық. Бұл салаға Үшбұлақ ауылындағы малшылардың қосып жатқан үлесі мол. Үшбұлақтан Көктұмаға қарай беттегенімізде кең даланың салқын самалына жонын тосып, қоралы қойын өргізіп, қонысына құт кіргізіп отырған «Айтұманов» шаруа қожалығының бақташысы Алмас Мұхаметжановпен кездесіп қалдық.
– «Айтұманов» шаруа қожалығы төрт түліктің бәрін өсіреді. Жайлауымыз Сарыбөктерде, көктем мен күзде малды осы Шапанға әкеліп жайып, сосын қыстауға көшеміз. Биыл мал қоңды. Ауа райы да қолайлы болды. Қазірдің өзінде етектегі жайылымның шөбі жайқалып тұр. Жайлауда 1000 басқа жуық қой-ешкі бағып едік, оның жартысы сатылымға шығарылды. Қазір мал басын өсіруге керекті 400-ге жуық қой-ешкіні қыстан аман-есен шығарып, төлдетудің қамындамыз. Қора-қопсымызды жылылап, жемшөп қорын молынан дайындап алдық, – дейді Алмас Мұқаметжанов.
Екі жағын тау қоршап, етегі шалғынды шөппен көмкеріліп жатқан ауыл төрт түлікті өсіруге табылмайтын жер. Оның үстіне ауыл тұрғындары жыл бойы бірді-екілі сиырын сауып, қозы-лағын семіртіп, еті мен сүтін іргедегі Көктұма мен Ақши ауылындағы туристік орталықтарға өткізіп, нәсіп тауып отырады. Тек осы тірлікті ары қарай өркендетіп, нәсіпті кәсіп көзіне айналдырудың жолын ғана толық меңгере алмай жатқаны бар. Бірақ Үшбұлақ ауылынан кесіп өтетін күрежолдың бойына киіз үй тігіп, кәсіптенудің алғашқы баспалдағын салып жатқан тұрғындарды да байқадық. Бұл тірлік жолы алдағы уақытта көбейе түседі деген ойдамыз.
Қажет АНДАС





