Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок келіссөздер барысында жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру жоспарларын талқылады.
Кездесу барысында тараптар, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, көлік-транзиттік сала, ауыл шаруашылығы, жасанды интеллект пен цифрландыруды енгізу сияқты өзекті бағыттарға баса назар аударды.
Қазақстан Мажарстанға экспортты 95 тауар түрі бойынша арттыруға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар жаңадан құрылған Қазақстан–Мажарстан инвестициялық қоры бірлескен жобаларды жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады деп күтілуде.
Серіктестіктің басты бағыттарының бірі – көлік-логистика саласы. Осы орайда Будапешт агломерациясында интермодальды жүк терминалын салу мүмкіндігі қарастырылды.
Сонымен қатар, екіжақты ынтымақтастықтың стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізу бағыты аталды.
Кездесу қорытындысында Премьер-министр Олжас Бектенов:
«Қазақстан Үкіметі жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық уағдаластықтың сапалы орындалуын ерекше бақылауда ұстайды», – деп атап өтті.
Өз кезегінде, Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жоғары бағалап, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін білдірді.
«Жетісу-Ақпарат»





