Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджумен кездесті. Кездесуде тараптар екіжақты өнеркәсіптік кооперацияның қазіргі жағдайы мен даму келешегін, өзара сауда айналымының өсуін және бірлескен өндірістік жобаларды ілгерілету тетіктерін талқылады.
Келіссөздер барысында министр Нағаспаев Қазақстан мен Түркия арасындағы серіктестіктің стратегиялық деңгейге көтерілгенін атап өтіп, өндіріс саласындағы жаңа жобаларды іске асыру үшін барлық қажетті жағдай жасалып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, екі елдің кәсіпкерлері арасындағы тығыз байланыс соңғы жылдары нақты экономикалық нәтиже беріп отыр.
«Түркия – Қазақстанның сенімді серіктестерінің бірі. Біз бірлескен жобаларды дамытудың жаңа бағыттарын қарастырып отырмыз. Әсіресе құрылыс материалдары өндірісі, машина жасау, химия және жеңіл өнеркәсіп салаларында өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Тараптар 2025 жылғы 29 шілдеде Анкарада өткен Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысының қорытындыларына ерекше назар аударды. Аталған саммитте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның тең төрағалығымен қабылданған шешімдер екі ел арасындағы өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Кеңес қорытындысы бойынша бірлескен декларация мен шешімдерге, сондай-ақ энергетика, көлік, логистика, өнеркәсіп және цифрлық технологиялар салаларын қамтитын 20-дан астам құжатқа қол қойылды. Бұл келісімдер жақын жылдары өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық әріптестікті күшейтудің нақты негізін қалайды.
Бүгінде Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық ынтымақтастық берік бизнес-инфрақұрылымға сүйенеді. Елімізде түрік капиталының қатысуымен 4000-нан астам компания табысты жұмыс істейді. Түркиядан келген тікелей инвестиция көлемі 5,8 миллиард АҚШ долларынан асып отыр. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш тұрақты өсім қарқынын сақтап келеді.
Кездесу барысында тараптар өнеркәсіп пен құрылыс саласындағы өндірісті оқшаулау, көлік-логистикалық дәліздерді дамыту, сондай-ақ өндірістік өнімдер жеткізілімі мен экспорт көлемін арттыру мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады. Бұл бағыттар Қазақстанның өңірлік хаб ретіндегі рөлін күшейтеді және түрік компанияларының Орталық Азия нарығына шығуына жаңа мүмкіндік береді.
Сонымен қатар екі ел арасындағы бірлескен жобаларды үкіметаралық деңгейде қолдау және тұрақты жұмыс байланысын жолға қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Мұстафа Капуджу өз кезегінде Түркия тарапының Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті кеңейтуге мүдделі екенін атап өтіп, түрік инвесторларының Қазақстандағы бизнес-климатқа және үкіметтің индустриялық саясаттағы ашық ұстанымына жоғары баға беретінін жеткізді.
«Біздің мақсатымыз – экономикалық байланыстарды тереңдету және өзара сауда көлемін бірнеше есеге арттыру. Түрік компаниялары Қазақстандағы өндіріс пен инфрақұрылымдық жобаларға қатысуға дайын», – деді Елші.
Кездесуді қорытындылай келе, тараптар өнеркәсіптік ынтымақтастықтың жаңа кезеңі инновациялық даму, цифрландыру және жасыл экономика қағидаттарына негізделуі тиіс деген ортақ пікірге келді.





