Жетісу жерінде іске асырылып жатқан жоба көп. Көңілге қонымды мұндай ілкімді істер талай адамның жұмыспен қамтылуына жол ашып, елдің тұрмыс-тіршілігінің көтерілуіне ықпал етуде. Осы рете қазір Жетісу жерінде іске қосылып жатқан тағы қандай жобалар бар? Сол туралы әңгіме өрбітсек.
Біз сөз еткелі отырған жаңа нысанның бәрі шетелдіктердің қатысуынсыз қазақстандық компаниялардың күшімен жүзеге асуда. Мәселен, Талдықорған қаласының индустриалды аймағында 2,5 млрд. теңгеге газоблокты кірпіш шығаратын зауыт іске қосылады. Кәсіпорынның қуаттылығы айына 8,3 мың текше метр. Нәтижесінде 50 адамның жұмысқа тұруына мүмкіндік туады. Сондай-ақ, құрамында алтыны бар кендерді өндіру және қайта өңдеу бойынша 3 млрд. теңгеге тағы бір жоба іске асырылуда. Қуаты жылына 183 мың тонна кен өндіруге қауқарлы.
Бұл жерде 250 адам еңбекпен қамтылады деген болжам бар. Кәсіпорында жыл соңына дейін 213,5 млн. теңгеге бетон өндіру жолға қойылып, онда жылына 28 мың текше метр өнім шығармақ. Бұған қоса аймақта қуаты 29 МВт ГЭС іске қосылып, пайдалануға беру 10,2 млрд. теңгеге бағалануда. Тағы бір осындай нысан 7 млрд. теңгені құрайды. Бұл ГЭС-тің қуаты 8,8 МВт. Сонымен бірге 5,3 млрд. теңгеге стансы іске қосылады. ГЭС қуаты 4,2 МВт. Жыл соңына қарай цемент зауытына дейін 110 кВт әуе электр желілері салынып, жұмысын бастайды. Құны 1 млрд. теңгені құрайды.
Бұдан басқа, Текелі қаласындағы энергокешеннің бірінші кезеңін жаңғырту және кеңейту жобасы жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, бу-газ қондырғысын іске қосу көзделген. Мемлекеттік органның мәліметінше, электр энергиясын өндіру 68 МВт (қосымша 44 МВт) және жылу энергиясын өндіру 90 Гкал (қосымша 48 Гкал) дейін ұлғаяды. Жоба 5 млрд. теңгеге бағалануда. «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы аумағында 106,6 мың шаршы метрге жаңа сауда алаңы іске қосылады, құны 3 млрд. теңге. Ол 150 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша жүзеге асырылатын жоба көп. Мәселен, жыл соңына дейін аймақта 2 млрд. теңгеге майбұршақты тамшылатып суару жобасы басталады. Барлығы 250 млн. теңгеге бордақылау кешені мен ет өнімдерін қайта өңдеу цехы жұмыс істемек. Бұған қоса, биыл 200 бас ірі қара малға арналған бордақылау кешені іске қосылады. Құны-250 млн. теңгені құрап отыр. Тағы бір осындай жоба 240 млн. теңгеге бағалануда. Мұнда жыл сайын 969 мың литр сүт, 195 тонна ет шығарылады. Сонымен бірге 235 млн. теңгеге мал шаруашылығы кешені салынып, ашылады. Қуаттылығы жылына 365 мың литр сүт, 10 мың келі сиыр етін беретін бордақылау алаңы іске қосылады. Оған барлығы 50 млн. теңге қаражат жұмсалады. Сондай-ақ, жалпы құны 556 млн. теңгені құрайтын тағы бес агрожоба жүзеге асырылмақ.
Айта кетейік, жыл басынан бері аймақта жиырмадан аса нысан пайдалануға берілді. Мысалы, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы аумағында 10 млрд. теңгеге Қолөнершілер қаласы пайда болды. Сонымен бірге, қоқыс сұрыптау пункті ұйымдастырылды. Барлығы 100 млн. теңгеге 20 мың келушіге арналған қонақ үй ашылды. Қуаттылығы тәулігіне 10 тонна жуғыш заттарын шығаратын цех іске қосылды.
Фибробетонды қасбеттік панельдер өндірісі пайда болды. Оның қуаты тәулігіне 10 шаршы метр. Сондай-ақ, аймақта сироп пен квас өндірісі жолға қойылды. Панфилов ауданындағы арнайы экономикалық аймақ аумағында 10 мың шаршы метр және 20 мың шаршы метрге қойма кешендері ашылды. Бұған қоса, мұнда тәулігіне 480 бірлік арнайы техника /контейнер, 780 бірлік жеңіл көлік орналастыруға арналған ашық алаң пайда болды. Тағы екі осындай жоба 100 млн. теңгеге іске қосылды.
Қалай десек те, кезең-кезіңімен жүзеге асырылып жатқан мұндай жаңа нысандардың ел экономикасының алға жылжуына оң әсерін тигізіп, жергілікті жұртшылықтың жағдайын жақсартуға септігін тигізеді деген сенімдеміз.
Айгүл Байбосынова
Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі





