Облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ азаматтарға жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді. Сұрақтардың басым көпшілігі тұрғын үй, баспананы заңдастыру, пәтерді жекешелендіру жөнінде болды.
Көру, есту мүмкіндігінен айырылған І топ мүгедегі 79 жастағы Кеңес Қасенов 2014 жылы Үштөбе қаласындағы үйін сатып, облыс орталығына қоныс аударған. 2015 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекке тұрған. Қазір ол зайыбымен көпбалалы ұлының отбасымен жалдамалы үйде тұрып жатыр. Қария облыс әкімінен үй алуға көмектесуін сұрап келген. Қабылдауға келген азаматтың өтінішін мұқият тыңдаған аймақ басшысы заң бойынша үй сатқаннан кейін бес жыл өткен соң ғана кезекке тұруға болатынын айтып, тұрғын үй комиссиясының шешімін күту қажет екенін жеткізді. Егер ол заңды негізге ала отырып, Kezekte.kz порталынан кезектен шығарылса, онда пәтер алуға өтініш бере алмайды. Бұл жерде жергілікті атқарушы орган өзінің оң шешімін қабылдайды. Десе де облыс әкімі Бейбіт Исабаев қала әкімі Е. Бәзіл мен облыс әкімінің орынбасары Ә. Қанағатовқа қарт ерлі-зайыптылар қолдауға зәру болғандықтан, бұл мәселені бақылауға алуды тапсырды.
2010 жылы кезекке тұрған он баланың анасы талдықорғандық Бәтес Қомырбаева баспана алу мәселесін көтерді. Кезекте 320-болып тұрған «Алтын алқа» алқасының иегері қазір қызымен 1 бөлмелі пәтерді жалдап тұрады. Аймақ басшысы қоғамдық қабылдауға келген ардақты анаға жыл соңында өз пәтерінің кілтіне ие болатынын жеткізіп, қуантты. Ал 291-болып кезекте тұрған мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеуші Толқын Апухова да биыл баспанасына ие болып, қоныс тойын тойламақ. Қос мәселенің оңтайлы шешілуін облыс басшысы тікелей өз жауапкершілігіне алатынын айтты.
Пәтерін жекешелендіру мәселесі бойынша өтініш білдірген Галина Әбдірахманова осыған дейін бірнеше мәрте облыс әкімінің қабылдауында болған. Өтініш иесінің ұлы 1990 жылы Германияда әскери борышын өтеп жүріп ауыр сырқаттан өмірден өткен. Әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан азаматтың отбасы ретінде өздеріне жалға берілген тұрғын үйге құқық белгілейтін құжаттарды ұзақ уақыт бойы ала алмай жүрген. 2022 жылы мәселе оң шешімін тапқан. Енді қала тұрғыны бұл үйді тегін жекешелендіруге өтініш білдіруде. Талдықорған қаласы әкімдігінің тұрғын үй комиссиясы Галина Әбдірахманованың құжаттарын қарап, іс жергілікті атқарушы органның қарауына қалдырылса, шешім шығарылады. Егер шешім шықпаған жағдайда өтініш иесі сотқа жүгінуге тиіс.
Ескелді ауданының тұрғыны Назарбай Барменқұловтың қойған сұрақтары облыстық прокуратураның құзыретіне жататындығы анықталды. Облыс басшысы өтініш білдірушінің барлық құжатын облыстық прокуратура қызметкеріне табыстап, істің Заң аясында шешілетінін жеткізді.
Жеке қабылдауға келген облыс тұрғындарының өтініштерін толық тыңдаған Бейбіт Өксікбайұлы тұрғындар сұрағына жан-жақты жауап беріп, сала мамандарына тапсырма жүктеді.
Еңлік КЕНЕБАЙ





