Алаңдар мен көшелерге, жаяу жүргіншілер жолына төселетін әртүрлі пішіндегі тастар ұзақ уақытқа шыдас береді.
Ол қызбайды және улы зат шығармайды әрі көзге әдемі көрінеді. Бүгінде мұндай өнімдерге сұраныс жоғары. Өйткені қазір қала инфрақұрылымы кеңейіп, жаңартылуда, көптеген үй салынып, құрылыс қарқыны артуда. Сондай-ақ, көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлініп келеді. Сондықтан, тротуар плиталарын өндіріп, сату тиімді бизнес саналады.
Жеке кәсіпкер Игорь Вахрушев 2021 жылдан бастап бетон мен цементтен жасалған құрылыс бұйымдарын шығарумен айналысады. Бұрын ол құрылыс компанияларында жұмыс істеп, осы салада мол тәжірибе жинаған. Кейіннен тротуар плиталары мен құм блоктарын шығаратын кәсіппен шұғылдануға бел байлайды.
Сөйтіп, ол былтыр «Банк ЦентрКредит» АҚ-дан өндірісті кеңейтіп, жабдық сатып алу үшін қаржы алды. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасының 1-бағыты шеңберінде субсидиялау құралы бойынша пайыздық мөлшерлеме 7 пайызға дейін төмендетілді және «Даму» қорының кепілдігі берілді.
Бүгінгі таңда өндірісте 7 200 шаршы метрден аса тротуар плиталары, 3 600 шаршы метр қаптау панельдері, жылына 50 мың дана құм блоктары шығарылады. Өндіріс орнында білікті жұмысшылар жұмыс істейді. Өндірілетін барлық өнім сапасы жоғары, бағасы да қалта көтереді. Сол себепті кәсіпкердің өнімдеріне сұраныс жоғары.
А. Ыбырай
Ескелді ауданы





