Су энергиясының әлеуеті жағынан Қазақстан Орта Азияда алдыңғы орында. Дей тұрғанмен су көзінен пайдаланып электр энергиясын өндіруде кенжелеп келеміз. Осы ақтаңдақты жою мақсатында облыста бірнеше су электр стансысының құрылысы басталғанын білеміз. Сарқан ауданындағы «Басқан-2» СЭС-ін сол қатарға қосуға болады. Сарқан ауданындағы іссапарымызда аталған СЭС-тің жұмыс ауқымымен танысып, оның өңір дамуына тигізетін пайдалы тұстарын бағамдадық.
Сарқан ауданында басын таудан алатын ағысы қатты бірнеше өзен бар. Оның суы негізінен егістік жерлерді суаруға жұмсалып келді. Соңғы кездері бұл өзендерге су электр стансыларын салу қолға алынып, жаңа нысандар бой көтеріп үлгерді.
– Ауданда Лепсі, Басқан өзендерінде салынған 4 су электр стансысы жұмыс істеп тұр. Ал Басқан өзені бойындағы «Басқан-2», «Басқан-3» су электр стансысы іске қосылса, жалпы инвестиция көлемі 9,3 млрд. теңгеден асады. Мұ-ның өзі, біріншіден, инвестиция, екіншіден, жаңа жұмыс орны, – дейді Сарқан аудандық кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ахан Иманжанов.
Балқаш көліне құятын өзендердің ішінде Басқанның ағысы қатты. Бастау көзін Жетісу Алатауының құз-шатқалдарынан алатындықтан одан қуаттылығы жоғары электр энергиясын алудың мүмкіндігі мол. Осындай мүмкіндіктерді ойластыра отырып қолға алынған Екіаша ауылының іргесіндегі «Басқан-2» су электр стансысының құрылысы сапалы салынғаны бірден байқалады. Мұндағы техникалар тұтастай компьютермен басқарылады.
– Басқан өзенінен алынған су құбыр арқылы стансы ғимаратындағы турбинаға келіп, су ағыны турбинаны айналдыра бастайды. Осылайша турбина электр энергиясын өндіретін генераторды іске қосады. Өндірілген электр энергиясы арнайы блокқа орналастырылған құрылғыға жиналып, «Кегок» компаниясына жөнелтіледі. Стансы ғимаратында генератордың майын ауыстыратын май ауыстырғыш, генераторды сумен қозғалтатын труба, генераторды май және ауамен тоқтататын тежегіш құрылғысы, ток өндіретін генераторлар, суды сыртқы каналға ығыстыратын сорғыштар орналастырылған. Қысқасы, стансы құрылысы бүгінгі заманауи құрылғылармен толықтай жабдықталғаны көрініп тұр. Қазірде мұнда 27 адам жұмыспен қамтылған. Айлық табыстары отбасын асырауға толығымен жетеді, – дейді нысанның техникалық қадағалаушысы «ТехноЭкспертИнжинеринг» ЖШС басшысы Қанат Қаптағаев.
Екіаша ауылдық округінің әкімі Дәулет Дүйсенбековтың айтуынша, ауылда 3 мыңнан аса тұрғын бар. Тіршілік көзі ауыл және мал шаруашылығы саналғанымен инвесторлардың түрлі жобасының нәтижесінде қосымша жұмыс орны көптеп ашылуда. «Басқан-2» су электр стансысының құрылысы басталғалы екі қолға бір күрек таба алмай жүрген ауыл азаматтары тұрақты жұмысқа тұрып, отбасын асырап отыр. Сондай-ақ, тапсырыс беруші «Baskan Power» ЖШС өз қаражатымен ауылға су жеткізетін «Әлімбай», «Қайран» каналдарын жаңғыртып, ауылішілік жолды жөндеп берген.
Нысан қазан айында қолданысқа беріледі. Ол кезде тағы да қосымша 27 тұрақты жұмыс орны ашылады. Демек, ауылдың 50 шақты азаматы стансы арқылы нәпақа таппақ. Жұмысқа орналасатындардың бірі Екіаша ауылының тұрғыны Күнтуған Мұқашев.
– 1986 жылы Қарағандыдағы энергетика институтын «энергетика» мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Ауылға келген соң мамандық бойынша жұмыс табылмай дәнекерлеуші болдым. Жасым алпысқа келгенде су электр стансысы салынып, мамандығым бойынша жұмысқа тұрмақпын. Қазіргі таңда нысан қолданысқа берілген соң тұрақты жұмысқа алынатын азаматтар өндірістік тәжірибеден өтіп жатырмыз. Арамызда бұрындары энергетика мамандығын бітіргендер мен осы мамандықты игеріп, ауылға оралған жастар да бар, – дейді ауыл тұрғыны.
«Игілікті істің ерте-кеші жоқ» дегендей, стансының құрылғыларын қытайлық мамандар құрастырғанымен жергілікті жігіттер қолданудың барлық тетігін меңгеріп алғанын байқатты. Алдағы уақытта олар жинақтаған тәжірибесін өзінен кейінгілерге үйретіп, ауылын гүлдендіру үшін еңбектенетін болады.
Қажет АНДАС





