Құрылыс саласы елдің әлеуметтік, экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары құрылыста тоқырау болғаны рас. Десе де уақыт өте келе аталған саланың тамырына қайта қан жүгіріп, кең қанат жая бастады. Қазір елдің қай түкпіріне барсаңыз да өлкенің айбынын арттырып, сымбатына сән қосқан ғимараттар көз сүйсіндіреді. Алыстан менмұндалайтын биік нысандардың қатары жыл озған сайын көбейіп келеді. Заман талабына сай салынған көпқабатты тұрғын үйлер де ауыл мен қаланың ажарын айшықтап, талай адамның қуанышын еселей түсуде. Жаңа құрылыс бой көтерген сайын оның қасбетінің әрленуіне де ерекше көңіл бөлінеді. Түрлі архитектуралық пішіндер мен безендірулер де сонадайдан көз тартады.
Соңғы жылдары құрылысқа қажет бұйымдар да өз елімізде шығарыла бастады. Өзімізден шыққан құрылыс материалдары қазір тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар және экономикалық ғимараттар салуға барынша қолданылып жатыр. Мамандардың пікірінше, бәсекеге қабілетті отандық өнімдердің сапасы шетелдікінен еш кем емес. Осының бәрі Тәуелсіздіктің, отыз жыл ішінде жүзеге асырылған тындырымды тірліктердің жемісі деуге негіз бар.
Еліміздің гүлденіп, өркендеуі, әрине, мұнымен шектеліп қалмайды. Өйткені, алда әлі талай асу, бағындырар биік көп.
Мемлекеттік бағдарламаларды сәтті жүзеге асырудың арқасында елде экономика нығайып, инфрақұрылым жақсарды. Қалалар мен ауылдардың келбетін жақсартатын жаңа әлеуметтік нысандар мен мәдени-спорттық кешендер пайда болды. Айта кетейік, құрылыс саласы бойынша елде биылғы тоғыз айдың қорытындысына сәйкес барлығы 10,4 млн.шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға жоғары. Осыдан-ақ, аталған сала қарқынының қай деңгейде екені байқалады.
Көңіл көншітерлік ілкімді істер жер жаннаты атанған Жетісу өлкесінде де жетіп-артылады. Жалпы, құрылыс аймақта дамыған салалардың қатарында. Себебі, жыл сайын жаңадан тұрғызылып жатқан әлеуметтік нысандар, соның ішінде білім ошақтары мен балабақшалар, денсаулық сақтау мекемелері, бұдан өзге де заманауи ғимараттар аймақтың келбетін өзгертіп, ажарын аша түсуде. Ал облысқа келетін болсақ, биылғы тоғыз айда қаржыландырудың барлық көзі есебінен 757,1 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Жалпы, 2021 жылға дейін қаржыландырудың барлық көзі есебінен 14,5 млн.шаршы метр баспана ел игілігіне беріліп, 100 мыңнан астам отбасы үйлі болды.
Жалпы, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі мемлекет үшін қашанда маңызды істердің қатарында. Елдің әлеуметтік жағдайы жақсарған сайын баспаналы болу бақытына ие болғысы келетіндердің қатары да артып келеді. Осы орайда, шаһарлар мен өңірлерде жаңа шағынаудандар пайда болып, тұрғын үй алаптары бірінен соң бірі бой көтере бастады. Соңғы жылдары облыс орталығының өзінде қаншама әдемі ғимараттар тұрғызылып, пәтер кілттері үй иелеріне табыс етілді. Мәселен, биыл Астана күніне орай аймақта 200 отбасы үй кілтін алды. Қоныстойын облыс орталығында ғана емес, сондай-ақ, Қапшағай қаласы мен Еңбекшіқазақ, Іле аудандарында да тойлады.
Соңғы жылдары Талдықорған қаласында құрылыс қарқыны бұрынғыдан да еселеніп, 6-шы, 7-ші, 8-ші шағынаудандар, коттедж қалашығы бой көтерді. Мұндай үйлердің құрылысы қазір де қарқынды жүруде. «Ынтымақ», «Жастар-1», «Жастар-2», «3-ші бөлімше» сияқты бірнеше жаңа тұрғын аудандар халық көптеп қоныстанған елді мекендерге айналды. Бұған қоса шаһардың оңтүстік-батыс ауданында 16 қабатты «Көктем Гранд» қонақүй кешені бой көтеріп, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілді. 2016 жылдың 12 қазаны күні алғашқы қазығы қағылып, 2019 жылы ашылған заманауи драма театры да бүгінде халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде.
Сәулетті Салтанат сарайының құрылысына еліміздегі ең танымал сәулетшілер тартылды. Бүгінгі күні бұл орын талай жастың некесін қиып, үлкен өмірге қадам басуына ықпал етіп жатыр. Өткен жылы 288 орынды жатақхана пайдалануға берілді. Студенттер үйі «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы» және «Адами капитал – жаңғыру негізі» Жолдауы аясында салынды. Жобаға жергілікті бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Жағажайдың жанында тұрған бұл ғимарат 1990 жылдары салына бастаған. Кейіннен құрылысы тоқтап, аяқсыз қалған еді. Біраз уақыттан соң көпқабатты қонақүй сатып алынып, қайта жасалды. Осылайша, бұл нысан толық жөнделіп, бірер жылдың ішінде қала көркін ашатын сәулетті ғимаратқа айналды.
Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай биыл іске қосылған олимпиадалық жүзу бассейні де мақтануға тұралық орынға айналуда. Барлығы 570 орынға есептелген жүзу бассейні халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Сол себепті мұнда ең жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асты. Бұлардың қатарында жастарға қызмет көрсету орталығы, музыка мектебі, Журналистер үйі, жалпы орта білім беретін мекемелер мен көпсалалы аурухана, жаңа субұрқақтар, 2010 жылы пайдалануға берілген Тіл сарайы, 1500 орынға арналған Спорт сарайы, Оқушылар сарайы, Көрме кешені бар. Әр нысан өзінің ерекше сәулетімен айшықталады.
2018 жылыТалғар ауданының Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы, өткен жылы Қарасай ауданына қарасты Әйтей ауылында 1200 орынға арналған мектеп салынды. Талғар ауданындағы 520 пәтерлі 130 тұрғын үй салынуы тиіс «Өмірзақ» тұрғын-үй кешені бойынша екінші кезең аясында былтыр 50 үй тұрғызылды. Ал биылғы үшінші кезеңде тағы 50 баспана бой көтеріп, бүгінде оның құрылысы 90 пайызға аяқталды. Облыстық құрылыс басқармасы мамандарының берген мәліметіне сәйкес, қазір бұл үйлер безендіріліп, аумағы абаттандырылуда. Төртінші кезеңде және 30 үйдің құрылыс жұмыстары басталып, келесі жылы қолданысқа беріледі деп көзделіп отыр. Аталған үйлерді кезекте тұрғандар арасында бөлу жоспарланған. Бүгінгі таңда су, жарық, газ сияқты қажетті коммуникациялар жүргізіліп, қала аумағында жарықтандыру бағаналары орнатылған.
Төртінші кезеңі жүзеге асырылу үстіндегі бұл жобаның құны 2,3 млрд. теңгені құрайды. Ғимараттың жалпы аумағы 8,9 мың шаршы метр. 30 баспана құрылысын мердігер «Ақ орда корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Ал «Жаңа Талғар» тұрғын үй кешені бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019-2020 жылдары Талғар қаласында 400 пәтерлі 7 үй салынған. Жоба құны 4,2 млрд. теңге. Ғимараттың жалпы аумағы 30,0 мың шаршы метрді құрайды. 2019 жылы облыста «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 500 отбасы, 2020 жылы 600 отбасы баспанаға қол жеткізді.
Райымбек ауданында да республикалық маңызы бар, халыққа қызмет көрсететін жаңа нысандар бой көтерді. Бұдан бөлек, ауданда көпбалалы мен тұрмысы төмен отбасыларға үйлер берілді. Баспанаға мұқтаж жандар мен мемлекеттік қызметкерлер және жас мамандар да баспаналы болуда.
Құрылыс жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Бүгінде Талдықорған қаласының оңтүстік-батыс ауданында тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Олардың қатарында көп корпусты әртүрлі биіктегі кешендер мен әкімшілік ғимараттар бар. Сондай-ақ, аймақта «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған талай мектеп оқушыларға есігін айқара ашып, көпшілікті қуантты.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін ұтымды пайдаланудың нәтижесінде мектепке дейінгі білім беру мекемелері көптеп ашылды. Көңілге қонымды осындай іргелі жұмыстардың арқасында аймаққа қарасты аудан-қалаларда бірте-бірте үшауысымды және апатты жағдайда тұрған мектептердің мәселесі біртіндеп шешіле бастады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде салынған дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы да қарқынды жүріп, ел игілігіне жаратылды.
Осындай ілкімді істердің бастамашысы бола білген облыс әкімі Амандық Баталовтың құрылыс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы орындауда сіңіріп жүрген еңбектерін ерен деуге лайық. Амандық Ғаббасұлы құрылыс саласына, соның ішінде жаңадан бой көтеріп жатқан нысандардың сапасына үнемі назар аударады және мамандардан шаруаға бейжай қарамауды талап етеді. Осы ретте аймақ басшысының Жетісу жерінің гүлденіп, түрленуіне, әсіресе облыс орталығының өсіп-өркендеуіне көп күш салғанын айта кеткен орынды. Сондықтан болар, облыс республика бойынша тұрғын үй алаңдарын іске қосу көрсеткіштері бойынша алдыңғы лектен көрінуде. Тек өткен жылы ғана «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша облыста 957,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 2396 отбасы баспаналы болыпты.
2025 жылға дейінгі жоспарлар бойынша Жетісу жерінде 5,4 млн. шаршы метр тұрғын үй салынады. Оның ішінде 1,1 млн.шаршы метр «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтермек. Бұдан басқа, 58 мың пәтерлік бір мыңнан астам коммерциялық көпқабатты үйлер салу көзделуде, олардың бес мыңы «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асатын болады. Төрт жылдан кейін облыс бойынша көптен күткен баспанамен 3 мыңнан астам әлеуметтік жағынан осал азаматтар және 5,5 мыңға жуық көпбалалы отбасылар қамтамасыз етілмек.
Бүгінгі таңда ұлан-ғайыр жобалармен кемел келешекке, өркендеуге бет бұрған Жетісу өлкесінің әлеуметтік-экономикалық бет-бейнесі, соның ішінде құрылысының бүгінгі даму қарқыны осындай. Тәуелсіздіктің 30 жылында ерекше қарқын алған осынау құрылыс жұмыстарында қаншама құрышқолды құрылысшылар өз қолтаңбаларын қалдырды десеңізші! Жалпы, көпшілік үшін жасалып жатқан шарапатты шаруаның бәрі ел жанашырлары мен еңбеккерлердің маңдай терлерінің және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың арқасы деуге болады. Алда әлі талай асу бар.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Алматы облысы





