Он бір жылдан кейін Қызылағаш су қоймасы қайтадан іске қосылды. Тоспаны «ҚазСуШар» кәсіпорны жөндеуден өткізді. Бұл туралы «Жетісу» газеті хабарлады.
Бөгетке 42 миллион текше метр су сияды. Тоспаның биіктігі – 55 метр. Естеріңізге сала кетейік, 2010 жылы наурыздың 12-де толассыз жауған қар мен жаңбыр салдарынан су қоймасы жарылып, Қызылағаш ауылын сел алып кеткен еді. Қайғылы оқиға салдарынан 45 адам қаза тапты. Бес жүзге жуық баспана жарамсыз болып қалған. Сол су бөгеті қайтадан жөндеуден өткізіліп, пайдалануға ұсынылды.
Су қоймасын ашуға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов арнайы келді. Аталмыш бөгет апатты жағдайдан кейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің келісімімен облыс әкімдігінің қаулысы бойынша «ҚазСуШар» РМК балансына берілген.
2016 жылы іргетасы қаланған қойма заман талабына сай салынған. Өткен жазда мұнда 30 миллион текше метр су жиналған. Астық егу маусымында оның біразы шаруашылыққа пайдаланылды. Серік Салауатұлы су қоймасының талапқа сай жасалғанын айта келіп, тоспада бүгінде 8 мың текше метр су барын жеткізді. Ол қауіпсіздік шараларының барлығы қарастырылғанын, су көбейе бастағанда қосымша каналдар іске қосылатынын жеткізді. Қызылағаш су қоймасын қалпына келтіру жұмыстары 2016-2019 жылдары аралығында жүргізілді. Жоба құны – 5,6 млрд. теңге. Бас мердігер – «ҚазСуШар» РМК Алматы филиалы.
«ҚазСуШар» мемлекеттік мекемесі Алматы филиалының ақпараты бойынша, Қызылағаш су бөгетіне баратын 12 шақырым жол толық жөнделіп, 16 шақырымдық электр желісі тартылған. Су қоймасын қалпына келтіруге 4 жыл уақыт кеткен. Жобаның құны – 5,6 миллиард теңге. Төрт жылда «Бөгеттің қазаншұңқырын дайындау», «Тоннельдік сушығарғыштың құрылысы», «Апаттық сушығарғыштың құрылысы», «Бөгетті сумен жабдықтау және кәріз пайдалану учаскесі», «Су іркуіш су торабы» сынды он шақты жоба бойынша жұмыстар істелді. Өткен жылы қойманың суы шаруашылықтарға сынақ негізінде беріле бастады. Биыл жаздан бастап егіншілікпен айналысатын шаруаларға су қайта жіберіледі. Қойма автоматтандырылған жүйемен іске асырылды. Бүгінде қойманың суы 1,4 мың гектар алқапты суаруға пайдаланылуда. Бар мүмкіншілікті пайдаланып, су арықтарын жан-жаққа тартқанда 7 мың гектар астық алқабы өмір нәрімен қамтамасыз етіледі. Биыл бірнеше шаруа қожалығы аталмыш бөгеттің суын пайдаланып, тоспаны іске қосу сынамасынан өткізілді. Алдағы жылы жиналған су астық, қант қызылшасы, бақшалық өнім, картоп өсіруге пайдаланылмақшы.
Ақсу ауданындағы іссапардан кейін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов Ескелді ауданына барып, суару жүйелерінің жұмысымен танысты. Үш жыл бұрын аудан шаруашылықтары «Асатай» ЖШС мердігер ұйымымен келісімшарт жүргізіп, нәтижесінде 4262 гектар ағын су арығы қалпына келтірілді. Жоба бойынша барлығы 292 шақырымдық 88 каналды қайта жаңарту жоспарланған.
Серік Салауатұлы «Нам» шаруа қожалығының суару жүйелерінің жұмысымен танысты. Мердігерлер Ислам Даму Банкі арқылы Ақсу, Алакөл, Көксу аудандарында да сурау жүйелерін қайта жөндеуден өткізбекші.
Гүлжан ТҰРСЫН
Ақсу, Ескелді аудандары
Алматы облысы





