Бүгінгі таңда облыста жалпы қуаты 332,4 МВт жаңартылатын энергия көздерінің 32 нысаны бар. Сондай- ақ, ағымдағы жылы тағы жеті ЖЭК жобасын іске қосу жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен өткен Үкімет отырысында облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ мәлім етті.
Амандық Ғаббасұлының айтуынша, Жетісуда жасыл экономикаға көшу бойынша белсенді жұмыстар жалғасуда. Өткен жылы аймақта электр энергиясын тұтыну 483 МВт құрады, оның ішінде 251,1 МВт жеке өндіріс, ал 231,9 МВт басқа аймақтардан сатып алынған. Жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген электр энергиясының көлемі 69,6 МВт-қа жеткен.
– 2020 жылы біз жалпы қуаттылығы 62,9 МВт болатын төрт жобаны жүзеге асырдық, 14,4 млрд. теңге инвестицияланды. Отызға жуық адам жұмысқа орналасты. Биыл 84 млрд. теңге сомасына тағы жеті ЖЭК жобасын енгізуді жоспарлап отырмыз. Нысандардың жалпы қуаттылығы 154,6 МВт құрайды. Сондай-ақ, 63 маманды жұмыс орындарымен қамтамасыз етеміз. Жалпы 2030 жылға қарай облыста 76 нысанды іске қосу жоспарлануда, – деді Амандық Ғаббасұлы.
Отырыс барысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, электр желілерін басқару жөніндегі қазақ- стандық компания «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.
Айта кету керек, өткен жылы Қазақстанда қуаттылығы 583 МВт болатын 25 ЖЭК нысаны – 10 жел, 1 гидро және 12 күн электр стансылары пайдалануға берілген. Ағымдағы жылы 381 МВт-қа 23 жоба іске асырылмақ.
Кеңесте Үкімет басшысы ҚР Энергетика министрлігіне ҚР Экология министрлігімен және «KEGOC» АҚ-мен бірлесіп, электр энергиясының маневрлік генерациясын дамыту тұрғысында ұсыныстар енгізуді, сондай-ақ, ЖЭК жинақтауыштарын енгізу жөніндегі мәселелерді пысықтауды тапсырды. Сонымен бірге ҚР Энергетика министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, ЖЭК өңірлік аймақтарын құру мәселелерін пысықтау міндеттелді.
Салық және кедендік әкімшілендіру мәселелері Министрлер Кабинеті отырысының күн тәртібіндегі келесі тақырып болды. Осы тақырып бойынша ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев сөз сөйледі.
Баяндамашының айтуынша, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде ерікті түрде қолданылатын бөлшек салықтың жаңа арнайы салық режимі енгізілген. Салық ставкасы алынған кірістің 3 пайыз мөлшерінде белгіленген. Үкімет осы режимді қолдану үшін қызмет түрлерінің тізбесін анықтады. Онда пандемия кезеңінде шектеу карантиндік шаралары қолданылған қызмет түрлері қарастырылған. Режим шағын және орта бизнес субъектілеріне салық жүктемесін төмендетуді және салықтар мен бюджетке төлемдерді төлеу тәртібін оңтайландыруды жеңілдету үшін дағдарысқа қарсы шара ретінде екі жылға есептелген. Жеке тұлғалардың салық міндеттемелерін орындауын жеңілдету үшін ағымдағы жылдан бастап мүлік пен жерге салынатын салықтар бірыңғай төлемге біріктіріліп, көппәтерлі тұрғын үйлердің меншік иелері үшін жер салығы алынып тасталды.
Асқар Ұзақбайұлы ҚР Қаржы министрлігіне ҚР Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйелерін жаңғырту және оларды басқа мемлекеттік органдармен заманауи әдістерді, соның ішінде блокчейн мен ауқымды деректерді қолдана отырып интеграциялау бойынша пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды.
А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ





