Жаңа салық кодексінде кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға қатысты салық міндеттемелерін орындау, қарызды өндіру және жеңілдіктер беру жүйесі қайта қаралды. Бүгінгі таңда салықтан 1 теңге қарыз болса да мәжбүрлеп өндіру шаралары қолданылатын жүйе өзгеріп, ендігі жерде қабылданатын шаралардың қатаңдығы тек берешектің көлеміне қарай анықталады. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – шағын қарызы бар салық төлеушілерге бірден қысым жасамай, алдымен қарызды өз еркімен төлеуге мүмкіндік беру. Осы ретте заңнамаға «салық берешегінің шекті мөлшері» ұғымы енгізіліп отыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйіне келген Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Баймульдиновпен Жетісу облысы мемлекеттік кірістер департаменті берешекпен жұмыс басқармасының бас мамын Әділ Жақсыгелдіұлы жан-жақты айтты.
Егер кәсіпкердің салық қарызы 20 айлық есептік көрсеткішке (шамамен 87 мың теңгеге) жетпесе, ешқандай мәжбүрлі шара қолданылмайды. Тек уақытында өтеу туралы алдын ала ескерту хабархаты жолданады. Қарыз көлемі 20-ден 45 АЕС (176 940 теңге) аралығында болғанда, 5 жұмыс күні ішінде хабарлама жіберіліп, оны орындауға 10 жұмыс күні беріледі. Бұл мерзімде қарыз өтелмесе, банктік шот пен кассалық операциялар тоқтатылып, инкассалық өкімдер қойылады. Ал берешек 45 АЕС-тен асқан жағдайда ғана барлық қатаң шаралар бірден іске қосылады: шоттар бұғатталады, мүлік тәркіленіп саудаға шығарылады және берешек дебиторлар есебінен өндіріледі. Бұл ретте дебиторға 10 күн ішінде хабарлама жіберіліп, ол 20 жұмыс күні ішінде орындалуы тиіс. Егер салық қарызы 3 айдан аса уақыт өтелмей, 27 000 АЕС-тен (106,0 млн теңге) асып кетсе, салық төлеушінің елден шығуына уақытша шектеу қойылады. Әлеуметтік төлемдер бойынша берешекке келсек, мұнда тәуекел дәрежесіне қарамай, қарыз 6 АЕС-тен асқан сәттен бастап өндіріп алу шаралары жүргізіледі.
Салық міндеттемесі мерзімінде орындалмаса, мәжбүрлеп өндіру шараларына қарамастан, Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі негізінде өсімпұлдар есептеле береді. Сондай-ақ қарыз толық жабылғанша шоттан ақша шығаруға және мүлікті сатуға немесе рәсімдеуге шектеу қойылады. Кодекстің 86 және 87-баптарына сәйкес, бұғаттау шаралары салық, кеден және әлеуметтік төлемдерді, сондай-ақ жалақы, алимент, зейнетақы мен өмірге келтірілген зиянды өтеуге арналған ақша аударымдарына қолданылмайды. Шектеулер себебі жойылған күннен кейінгі 1 жұмыс күні ішінде алынып тасталады. Ал мүлікке билік етуді шектеу тек қарыз сомасының шегінде ғана жүргізіледі және тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілері, энергия, жарамдылығы 1 жылдан аспайтын тамақ өнімдері мен шикізат шектеуге жатпайды.
Қаржылық қиындыққа тап болған кәсіпкерлер үшін қарызды кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу шарттары да нақтыланды. Егер берешек 1500 АЕС-тен (шамамен 6,0 млн теңге) аспаса, жұмыс өтілі, негізгі құралдары мен қызметкерлері бар, талапқа сай келетін салық төлеушілерге мүлікті бағалаусыз және сақтандырусыз-ақ кепілсіз бөліп төлеу мүмкіндігі беріледі. Жалпы ереже бойынша, салықты шегеру (кейінге қалдыру) 6 айға дейін беріліп, біржолғы төлеммен өтелуі тиіс, ал бөліп төлеу 3 жылға дейінгі мерзімге ай сайын немесе тоқсан сайын тең үлестермен төлеу үшін беріледі. Егер бөліп төлеу мерзімі 1 жылдан асса, мүлікті кепілге қою немесе банк кепілдігі (қажет болса бағалау есебі) сұралады. Өтініш беру негіздері (фомаусымдық ерекшелік, қаржылық қиындықтар) өзгеріссіз қалды және олар 20 жұмыс күні ішінде қаралады. Бұл жеңілдікті алу үшін кәсіпкердің бұрыннан келе жатқан қолданыстағы бөліп төлеу кестесі мен орындалмаған міндетті хабарламалары болмауы, салықтық тіркеуде кемінде 2 жыл тұруы және бизнес белсенді (тарату процесінде болмауы) болуы шарт. Бұған қоса, республика аумағына өнім өндіруге арналған тауарлар мен шикізат әкелетін салық төлеушілер үшін импорттық қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылған, бұл тауарлар мен субъектілердің тізімін уәкілетті орган бекітеді.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта бизнесті қолдау мақсатында салықтық амнистия шаралары да жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні өңдеуге жататын 2 100 салық төлеушінің ішінде 792 борышкерге қатысты 135,0 млн теңге көлеміндегі өсімпұлдар мен 114,5 млн теңге көлеміндегі айыппұлдар толықтай есептен шығарылады. Бұл қолдау шарасы борышкерлердің жалпы санының 38%-ын қамтып отыр.





