2025 жылдың 1 тамызынан 20 қазанына дейін Жетісу облысында Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Бұл санақ аграрлық сектордың жағдайы туралы өзекті деректерді жинау үшін жүргізіледі. Ол тиімді мемлекеттік саясат пен фермерлерді қолдау шараларын әзірлеуге көмектеседі.
Бұл туралы 7-su.kz ақпарттық порталы nazarmedia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Санақ екі кезеңде өтеді: 1–31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz сайтында онлайн-сауалнама, ал 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін интервьюерлер үй шаруашылықтарын аралап шығады. Алдын ала аралау 1 маусымда өңірдің бес қаласында басталады.
Жетісу облысы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаментінің басшысы Марат Букеновтың айтуынша, ауыл шаруашылығымен айналысатындардың барлығы санаққа міндетті түрде қатысуы тиіс. Қамту ауқымы – шамамен 113 мың үй шаруашылығы мен 21 мың өндіруші. Бұл жұмысқа 200-ден астам интервьюер тартылады.
Ыңғайлы болу үшін әкімдіктерде интернет-аймақтар ашылады, Sanaq-Myrza виртуалды көмекшісі мен 1446 байланыс орталығы қолдау көрсетеді.