Жетісу облысында көкөніс өсірушілер ылғал үнемдейтін технологияларға көшуде. Қаратал ауданында тамшылатып суару арқылы пияз, картоп және қант қызылшасы өсіріледі.
Бұл әдіс әсіресе құрғақ ауа райында дақылдардың судан тарықпай жақсы өсуіне жағдай туғызады. Ылғал үнемдеу технологиялары қазір егінге қалай әсер етуде, сол туралы айтайық. Имяржан Нұрдинов бау-бақша дақылдарын егіп, көкөніс түрлерін өсірумен 7 жылдан бері айналысып келеді. Алдымен ол қауын, қарбыз егіп, кейіннен картоп отырғызуға көшті.
Бірден тамшылатып суару технологиясын қолдана бастады. Жаздың құрғақшылығына қарамастан еккендері жақсы шықты. Имяржанның сөзінше, өнімдерді арық арқылы суару ыңғайсыз. Өйткені, жер біркелкі емес. Сол себепті дақылдар мен көкөністер дұрыс суарылмайды. Ал тамшылатып суару су мен уақыттың үнемделуіне мүмкіндік береді. Бастысы – өнімділік 40-50% жоғары.
Фермер Руслан Хосеноглы да осы маусымда алғаш рет қант қызылшасы тұқымын екті. Ол ауыспалы егіс жүйесін сақтау үшін осы дақыл түрін өсіруді ұйғарған. Егістіктердің біріне тамшылатып суару тәсілін қолданды. Нәтиже күткеннен асып түсті. 1 айдан соң еккендері жоғары өнім берді. Қазіргі таңда Жетісуда ылғал үнемдейтін технологияларды 146 шаруашылық қолданады. Олардың жалпы ауданы 36 мың гектардан асады.
– Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша бізде жалпы сомасы 5,5 млрд. теңгеге жобалар енгізілуде. Жалпы ауданы – 2 мың гектардан асады. Қазірдің өзінде 2 жоба жұмыс істеп тұр, тағы 3-уі қазан айында басталады. Жалпы мемлекет шаруаларға су үнемдеу технологияларын пайдалану кезінде су құнының 60% -ын субсидиялайды, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Шырын Әуесбекова.
2030 жылға дейін аймақта суды үнемдеу жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында жарты миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлерін тамшылатып суару және бүрку арқылы 175 мың гектар жерді қамту жоспарлануда.
А. Байжұмақызы
Қаратал ауданы





