7-su.kz. Жетісу облысының әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ Қаратал ауданында болған халықпен жүздесуінде бірқатар маңызды жаңалықтармен бөлісті. Соның бірі – Биыл Қаратал ауданының 10 елді мекенінде жол жөндеу жоспарланған.
Әкімдік таратқан ресми мәлімет бойынша, өткен жылы ауданда 24 км жол жөнделсе, биыл тағы 95 км жөндеу жоспарланып отыр.
Осы ретте облыс әкімі ауданда жалпы ұзындығы 8,5 шақырым болатын 12 көшесін жөндеуге және күтіп ұстауға 463,5 млн.теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта 10 көшенің жөндеуі аяқталып, 2 көшені жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отырғанын да жеткізді.
— Бұған дейін Көпбірлікке апаратын жолдың мәселесін көтерген едіңіздер. Соған байланысты 4,8 млрд.теңгеге «Үштөбе – Алмалы – Көпбірлік» автожолының ұзындығы 78,5 км болатын үш учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі кезде 52 шақырымы жасалды, 26,5 шақырымы қалды, қараша айына дейін пайдалануға беріледі, — деді Б. Исабаев.
Жалпы бүгінгі таңда Жетісу облысында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың деңгейі 93% құрап отыр.
Сурет: Жеңіс Ысқабай