Соңғы жылдары өңірлерде автокөлік жолдарын жөндеу мен жаңғырту жұмыстары қарқын алып, жол құрылысы жандана түсті.
Осы ретте біз Талдықорған мен Үштөбе қалаларын байланыстыратын автокөлік жолдарын жаңғырту бағытында жүріп жатқан орташа жөндеу жұмыстарын көріп қайттық. Байқағанымыздай, жол құрылысы қарқын алып, ескі асфальт қабаты жаңартылып, су өткізгіш жүйелер ретке келтіріліп жатыр. Құрылыс барысында кейбір учаскелерде көлік қозғалысына уақытша шектеулер қойылып, айналма жолдар ұйымдастырылған. Осыған байланысты тұрғындар мен жүргізушілерге жол белгілеріне мұқият болу ескертіледі.
Жол жөндеу жұмыстары туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айдос Досжановтың айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жол жөндеу жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін аяқталады. Жоба құны 6 млрд. теңге. Асфальт жабындысы екі қабаттан тұрады.Төменгі қабаты 6 см., жоғарғысы 4 см.-ді құрайды. Барлығы 13 су өткізгіш құбырдың бүгінде 12-сінің жөндеу жұмыстары толық бітіп, қайта көміліп жатыр. Жол жұмыстарын «Жол» ЖШС атқаруда.
– Жол жөндеу жұмыстары Талдықорған – Үштөбе автокөлік жолдарының екі учаскесінде жүргізілуде. Біріншісінде су өткізгіш жүйелер жасалып, екіншісінде ескі асфальт жабындысы қырылуда. Бұл жұмыстар аяқталған соң жаңа асфальт төселеді. Жол жөндеуге 40-қа жуық арнайы техника түрлері мен 50-ге тарта жұмысшы еңбек етуде, – дейді учаске жетекшісі Бақыт Жандилов.
Айта кетейік, соңғы жылдары аймақта жол сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл жұмыстар көлік қозғалысы қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, жүргізушілер мен жолаушыларға қолайлы жағдай қалыптастырып, ауылдар мен қалалардың дамуына тың серпін береді. Жоба толық аяқталғаннан кейін жолдағы көлік қатынасы жеңілдеп, жолаушылардың уақыт үнемдеуіне мүмкіндік мол болатыны сөзсіз.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





