Талдықорған: -7°C
$ 494.63
€ 583.22
₽ 6.42
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР ІЗГІЛІК ІЗІ

Мінезі бар мызғымас ерге біткен

18.07.2025
ІЗГІЛІК ІЗІ
Мінезі бар мызғымас ерге біткен
WhatsAppTelegramFacebook

Ата жолымен айтқанда, ең алдымен сен маған жиенсің. Анаң Күмісхан Сембайқызы мен менің әкем Жағыпар Құтпанбайұлы аталас, ағайынды кісілердің ұрпақтары. Екеуміздің бірге тумасақ та егіз ұлдай қатар өсуіміздің бірнеше себебі бар.

1976 жылдың қысында Тереңөзек деген сайда қыстаққа мал азығын тасымалдайтын ұжымшардың жүк көлігі бұзылып қалыпты. Сол машинадағы анаң екеуіңді қыстақтан атшанамен ауылға бара жатқан менің ата-анам өздерімен бірге ала кеткен екен. Сол сәтте екеуімізді әкемнің қара ішігіне орап, шанаға қатар жатқызып қойыпты. Ол туралы өзіңнің «Тереңөзек» дейтін өлеңің бар еді. Жоғалтып алған киіз кітабыңмен бірге қолжазба қалпында кетті. Екеуіміздің жұбымыз жазылмай қатар жүретін достығымыз сол Тереңөзектен басталған. Бұл әңгімені Гүлзағира әжеңнен естіп едік.

Сен дүниеге келген жұма күнінің құрметіне көрші Шамақсұт қария азан шақырып, атыңды Жұмабай деп қойған екен. Төлқұжатыңда Жұмабай болғаныңмен нағашы әжеңнің еркелетіп атауы бойынша ағайын-туыс, дос-жаранның бәрі де сені Жұматай дейді. Әкең Оспан мен анаң Күмісхан да өзіңді айрықша жақсы көретін, тіпті сол кісілердің саған қабақ шытқанын көрген емеспін. Жасың қырықтан асқанша ата-анаңның мейірім-шапағатына шомылып өскен өзің де шын мәніндегі бақытты перзентсің. Сол бағың мен бақытыңды, жұрт алдындағы құрметіңді Жаппар иеміз еселей берсін!

Қыс қыстау, жаз жайлауда көрші отырдық. Балалық шағымыз малды ауылда өтті. Менің «Шеткі жайдақ» деп аталатын өлеңімнің бір үзігі сол күндеріміздің белгісіндей.

Күнгейлі, орта Жайдақ, шеткі Жайдақ,
Алаңсыз албарыңда өстім ойнап.
Төрдегі түйе шоқы төбесінен,
Көз салсаң кең жазықтың кескіні әйбат.
Айнала қар жамылған аппақ әлем,
Есімде сол шақтарды сақтаған ем.
Жайдақтың қойнауында қалды күндер,
Бастаудан су таситын атшанамен.

Қыс кезінде көбіне сен ауылда, әжеңнің қасында қалатынсың. Соның әсері ме, бала күніңнен ән мен жырға, өнерге жақын болдың. Мектепке де менен бір жыл бұрын барып, даярлық сыныбында сауат аштың. 1982 жылы мен мектепке 1 сыныпқа қабылданғанда екеуіміз сыныптас болып шыға келдік. Cодан 1992 жылы мектеп бітіргенге дейін қатар оқыдық. «Ана тілі» оқулығындағы өлең-тақпақтарды жарыса жаттап, минутқа оқудан алдымызға жан салмай, бір-бірімізбен қатарласа тақтаға шығатын едік. Домбыраны да қолыңа ертерек ұстап, А. Қоразбаевтың «Қара кемпір», «Қара шал» термелерін сұңқылдатып, «Тамашаның» кейіпкерлерін кескіндеп, мектеп сахнасының «жұлдызына» айнала бастағаныңның бәрі сол күнгідей есімде.

Бір кезеңдерде біздің мектептен тереңдетілген химия сыныбын ашып, қос сыныптан оқушыларды іріктегенде сол сыныпқа бөлініп кеттің. Бірақ химия сыныбы Жұматайдан бәрібір химик шығара алмады. Өйткені сен болмысыңнан өнер үшін жаратылған жан едің. Күндердің бір күнінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінен сабақ беретін Жайлаубек ағайыңның тапсырмасын орындау арқылы бір күнде ақындық әлемнің табалдырығын аттадың. Тұлпарды тайынан таныған Жәкең ұстазың сенің бойыңдағы қабілет-қарымды анық байқаған екен. Алғашқы өлеңің кейін өзің жетекші болған мектепішілік қабырға газетіне басылғанда таң-тамаша болғанбыз. Өз көзімізге өзіміз сенбей, қабырға газетіндегі әлгі өлеңіңді әр үзіліс сайын барып, қайта-қайта оқығанбыз. Сол күннен бастап «Жұматай ақын» атандың. Мұғалімдермен бірге сыныптас-құрдастарыңның да саған деген ілтипат көзқарасы өзгере бастаған шақтар еді ол кездер. Музыка пәнінен сабақ беретін Өмекеев Мәулен ағайдың да саған деген ықылас-пейілі ерекше болды. Ол кісі тіпті сенен жақсы күйші шығады деп те сенді. Домбыраны да тәуір меңгеріп алдың. Сөйтіп мен бастаған біраз сыныптас достарыңа домбыра үйретуден алғашқы «ұстазға» айналдың. Ол үшін сенің талабың да бөлек еді. Қайтсек домбыра үйренеміз деген біздер сенің барлық шарттарыңа келісетінбіз. Ең алдымен үйіңе су таситынбыз. Ауладағы қарды күреп, шығаратынбыз. Есік алдында жатқан қарағайды кесіп, шөркелеп жарып, жинап беретінбіз. Сол жұмыстарды күн тәртібімен орындап болған соң ғана қолымызға домбыра ұстатушы едің. Сен сол қылықтарың арқылы нарықтың талаптарын да санамызға сіңіріп жіберген сияқтысың. Сондағы талапшылдығың Мәулен ағай түгілі мектеп директоры Жүнісхан ағайдан да асып кететін еді. Кешегі үйреткеніңді бір қайталап көрсетіп беріп: «Енді өздерің тартыңдар!» – деп сыртқа шығып кетіп, терезеден сығалап қарап тұрушы едің бізге. Сол шәкірттеріңнің қаншауының домбырамен дос болғаны өзіңе аян, досым.

Өзіңнен домбыра шертіп үйренгенімді қосқанда бойымнан басқа да бір ұшқынды байқаған болуы керек, Нұрлан Құлмұхамбетов ағайымыз сенің қасыңа мені қосып, екеумізді аймақтық оқушылар айтысына дайындап, додаға қосты. Сол күнгі сахнаның көркі өзің болдың. Қазылар да, көрермендер де өнеріңе айрықша қол соғып, тапқырлығыңа тәнті болды. Қыз бен жігіт айтысынан да, командалық қайым айтыстан да ешкімге дес бермедің. Өнерің ерекше бағаланып, лайықты жүлдеге қол жеткіздің. Шіркін-ай, біз де сендей болсақ деп армандағанымызды несіне жасырайық?! Сен сахнаға шыққанда басқа кейіпке еніп кетуші едің. Қайтпас, табан астында сөз тауып, тығырықтан шыға білетін өжет айтыскер едің. Осы ерекшеліктеріңді байқаған Еркін Ібітанов, Тілеужан Сақалов, Қойшыбай Тиязов сынды қазылар құрамы кейін сені көбіне Оразалыға жұптайтын. Екеуіңнің аудандық Мәдениет үйінің сахнасындағы сөз сайыстарың сондай сүйкімді болушы еді.

Сұрасаң менің атым Оразалы,
Тұяғым жыр жолында тозар әлі.
Қолдаса бабалардың аруағы,
Бұл Ораз талай топтан озар әлі, – десе, сен:
Жарқырап күнім шықсын аспанымнан,
Оқыдым өлең-жырын жастайымнан.
Мұқаңды шын сүйетін шәкірт болсаң,
Жатқа айтшы «Ильич» атты дастанынан, – деп бір-біріңмен білім сайыстырып, сөз жарыстырып дес бермеуші едіңдер.

Әсіресе, қарасаздық Айжан Талдыбаевамен айтысқанда:

Ахмет, Мағжан, Жұмабай,
Сталинге ұнамай.
Сәкен, Ілияс, Бейімбет,
Аты шыққан кейіндеп.
Мәртебесін алды ғой қазақ тілім,
Еңбектері шығып жүр азат бүгін.
Кемшілікті сендегі мен де айтайын,
Шашылған интернатта аяқкиім, – дейтін сенің ұшқыр жауаптарың жадуалдай жадымда жатталып қалыпты. Бүгінгі таныммен қарасақ, азаттық қайда, қазақ тілі қайда, оған интернаттағы шашылған аяқкиімнің не қатысы бар?! Бірақ сол күнгі өлшеммен алсақ, сұраққа жауап та айтылып, тәуелсіздіктің алғашқы қадамдарындағы оң өзгерістермен қатар кемшіліктер де қамтылып, екі шумаққа сыйып тұр. Бұл айтыскерге тән басты ерекшелік әрі айтыстың әліппесін енді бастап, жұрт алдында жаңа шыға бастаған оқушы айтыскер үшін үлкен жетістік болатын.

1990 жылы Жамбыл Жабаевтың 145 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық оқушылар айтысында Оразалы Досбосынов, Бақыт Әлдибеков, Ақан Әбдуалиев секілді қатарластарыңмен бірге сен де бақ сынадың. Сол айтыста Жамбыл атындағы бас жүлдені жеңіп алып, ауылға келгеніңде көктен түскен ғарышкерді қарсы алғандай шаттанып, ауыл, аудан жұрты сен үшін шынайы қуанған еді.

«Менің атым Қожа» фильміндегі Қожаның сөзімен айтсақ, «Жұмеке, сен, оңбай кетейін, нағыз әртістің өзі едің». Оған қоса аңғалдау әпенделігің де өзіңе жарасып тұратын. Қайнар ауылында өтетін айтысқа барардан бір күн бұрын Райгүл әпкең дүкеннен әперген су жаңа қоңыр күртешең қандай еді. Кешқұрым уақытта жұмыстан келе салып күл шығарып, от жағуға қамданған әкпеңнің төгіп кел деп қолыңа ұстатқан кіршідегі қызып тұрған пештің күлін кеудеге тақаған күйі сыртқа беттедің. Үйге қайтып кіргенде жап-жаңа күртешеңнің оң жақ бүйірі қақырап ойылып қалғанын аңғармапсың. Тағы бір күні біздің үйдің ауласында ат тағалап жатыр едік. Жануар қозғалақтап тағаға тұрмай кетті. Жақан ағам басын көтеріп қараса аттың құйрығына жармасып, артқа тартқыштап сен тұр екенсің. «Жұматай, айналайын, өлгің кеп жүрсе аулағырақ барып, өз ажалыңнан өлші, қарағым», – деп ағаның күйіп кеткендегі сөзі өзіңнің де есіңде болар?! Жаздың күні үйдің кіреберісінде жүн түтіп отырған шешемнің ту сыртынан жасырынып тұрып пештон атып, талдырып тастағаныңның бәрі де әпенделік пен әртістік емей немене?!.

Ақындықпен бірге бойыңа дарыған әртістік қабілетің ақыры сені Т. Жүргенов атындағы театр және кино институтына жетелеп тұрып әкелді (1993-1996 жылдар аралығында Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінде оқығаныңның өзі бөлек әңгіме). Мен сол институттың төртінші курсына өткен жылы жұлдызың жарқырап, өзің қалаған актерлық мамандықтың 1 курсына қабылдандың. Курстастарыңның арасында Біржан Жалғасбаев бастаған Болат, Дәулет, Нұржан, Баян, Толқын, Кенжекей сынды өңкей талантты қыз-жігіттердің бәрі де осы күні ұлттық мәдениет пен театр өнерінің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген айтулы азаматтарға айналды. Екінші курста оқып жүргенде сенің өлеңіңе жазылған Біржан Жалғасбаевтың «Ана мен сәби» әні алматылық студенттердің ең сүйікті әніне айналды. Бұл әнді «Жас қанат» байқауында орындап, Нұрлан Албан бәйге алды. Өміршең әннің орындаушылары қазір көбейді. Оның кейбірі Қазақ радиосының «Алтын қорына» енген. Онымен қоса сенің өлеңіне жазылған басқа да әндер «Қазақ радиосы» және «Шалқар» радиосы арқылы күн сайын толқыннан тарауда. Солардың ішіндегі «Жақсы адамдар» әнін орайы келгенде басқа да сазгерлерге ұсынып көрерсің. Ал, өлеңінің өзі төгіліп түскен, жүрекке бірден жатталып қалатын шығарма.

Сөз басында айтқанымдай, Тереңөзектен басталған жолымыз ылғи да түйісіп отырды. 1998 жылы ҚазҰУ-да өткен студенттер айтысында үздік өнер көрсеткен Балғынбек Имашевпен айтысыңның аудио жазбасын Қайрат Әлімбек аға екеуіміз қағазға түсіріп, оны Қайрекең «Қазақ әдебиеті» газетіне апарып берді. Басылымның бас редакторы Жұмабек Кенжалин ағамыз газетке басты. Айтыстарыңды газеттен оқып, радиодан тыңдаған Қазақ радиосының сол кездегі директоры Төрехан Данияр сендерді бірден радиоға жұмысқа қабылдады. Екеуіміз енді Мұқағали ағамыздың ізі қалған радиода бірге жұмыс істейтін әріптеске айналдық.

Көп ұзамай курстастарыңмен бірге сонау солтүстікке Қызылжар қаласына жаңадан қазақ театрын ашуға аттандыңдар. Сол бір мәдени оқиға Сәбит Мұқанов театрының тарихына алтын әріппен жазылған болар?! Сол тізімнің ішінде сенің де есімің бар екеніне бек сенімдімін.

Актерлық дипломды алған соң сені Талдықорғанның дәмі тартып тұрыпты. Күздің бір жаңбырлы күнінде аяулы жарың Лаура екеуіңді азын-аулақ жүктеріңмен «Сайран» автовокзалынан шығарып салып едім. Содан бергі 26 жылда Талдықорғанның тұрақты тұрғынына айналып, Бикен Римова атындағы театрдан басталған еңбек жолыңды «Jetisý» газетінде жалғастырдың.

Қаламгерлік қабілетіңді байқап, әртістен журналист шығарайық деп өзіңді қатарға қосқан Жақыпжан Нұрғожаев, Әміре Әрін, Нүсіпбай Әбдірахым ағаларыңның орнын басып, барлық сатыларынан өтіп, осы күнде Жетісу облысының айнасына айналған «Jetisý» газетінің бас редакторы қызметін абыроймен атқарып келесің. Газет табалдырығын аттаған сәттен бастап еңбегің жемісті, қаламың өрісті болды. «Ай-зере», «Қара жұрт» атты жыр жинақтарыңмен қатар «Жалғыз жүрек – сан сауал», «Дәстүрім – дидарым», «Мінездегі мен» деп аталатын публицистикалық кітаптарың оқырман қолына тиді. Театр мен басылымдағы еңбегің бағаланып «ҚР Мәдениет қайраткері» атандың. Былтыр Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденін алдың. Бұл құрметтің барлығы да өзіңнің адал еңбек пен төккен теріңнің жемісі.

Сен Талдықорғанда, мен Алматыда ғұмыр кешіп жатсақ та бір салада жұмыс істеп, сыныптас, бауырлық, достықты әріптестік жолменен жалғастырдық.
Егер өзің шынымен зер салып, түбегейлі айналысқаныңда осы күнде ең танымал айтыс ақындарының бірі болып, сан түрлі сахналарда жұртқа ой салар кестелі жырыңды жеткізер едің. Алайда өз шешімің солай болған шығар, айтыстан ертерек қол үзіп кеттің. 2004 жылы Талдықорғанда өткен облыстық ақындар айтысында Қаныша Райысоваман бірге қандай тамаша өнер көрсетіп едің.

Әдебиеттанушылар мен сыншылар сенің поэзияңды талдап, таразылап, алдағы уақытта өз бағасын айта жатар. Жүрген жерімде сенің өлеңдеріңді дәріптеп, орайы келген сәтте радио эфирінен насихаттап жүремін.

Кеше ғана домбыра ұстап аудандық, облыстық ақындар айтысына бірге барған, мектепті қатар бітіріп, арман қуып Алматыға аттанған, бір жерде, бір қалада тұрамыз деп серттескен едік. Солай дегенімізбен, уақыт өз дегенін істейді екен. Алматы мен Талдықорған арасындағы жолға қарап жүргенімізде 50-ге де келіппіз. Тура осыдан 50 жыл бұрын күндердің сұлтаны жұмада дүние есігін ашсаң, 18 шілде жұмада ердің жасы 50-ге толдың. Мерейлі жасың құтты болсын, Жұмеке! Жылдармен бірге жасай бер!

Бақыт ЖАҒЫПАРҰЛЫ

Қатысты жаңалықтар

«Жарымжан жарнама»: Мағынасыз маңдайша

«Жарымжан жарнама»: Мағынасыз маңдайша

08.02.2026
Футбол: «Жетісу» Түркияда жаттығуда

Футбол: «Жетісу» Түркияда жаттығуда

08.02.2026
Алакөл ауданында асыл тұқымды қой шаруашылығы құрылмақ

Алакөл ауданында асыл тұқымды қой шаруашылығы құрылмақ

08.02.2026
Жаркенттік кәсіпкер қой жүнін кәдеге жаратуда

Жаркенттік кәсіпкер қой жүнін кәдеге жаратуда

08.02.2026
Мемлекет және қоғам қайраткері Наурыз Қылышбаев 85 жаста

Мемлекет және қоғам қайраткері Наурыз Қылышбаев 85 жаста

08.02.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.