Наурыз мерекесі қарсаңында өңірде тазалық шаралары ауқымды жүргізілді. Жер-жерде еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарияға дейін мұндай бастамаларға үн қосты. Наурызнама онкүндігінің қорытындысы ретінде Тазару күнінде еліміз бойынша «Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясы жалғасын тапты. Бұл шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев та қатысып, Көксу ауданына қарасты Бесқайнар ауылында көппен бірге бұлақ көзін ашып, ағаш көшеттерін отырғызды.
Аймақ басшысы шара барысында көктем мерекесінің жаңару, табиғатты аялау және қоғамды ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіру идеяларымен тығыз байланысты екеніне тоқталды. Айтуынша, қазақ халқының ұлттық кеңістігімен біте қайнасқан табиғатты аялау һәм қоршаған ортаға қамқорлық таныту келер ұрпаққа аманатталуы тиіс.
– Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында елді мекендерді абаттандыруға, көгалдандыруға, ирригациялық инфрақұрылымды дамытуға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Президент тазалық әр адамның өзінен, әр үйден, әр көшеден және әр қаладан басталуы тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Жетісу – табиғаты бай, суы мөлдір, жері құнарлы киелі өлке. Осындай асыл мұраны сақтау – баршамызға ортақ міндет. Осы орайда облыста «7 OZEN» экологиялық акциясы бастау алып, 2 мамырға дейін жалғасады. Бұл кезеңде Қаратал, Көксу, Лепсі, Ақсу, Бүйен, Іле және Басқан өзендерінің жағалаулары мен бұлақ көздері тазартылады. Көксу ауданындағы қасиетті Бесқайнар бұла- ғы – табиғаттың ең асыл сыйының бірі. Халқымыз «Бұлақ көрсең – көзін аш» деп бекер айтпаған. Осы игі дәстүрді жалғастыра отырып, біз туған жер табиғатын сақтауға өз үлесімізді қосып жатырмыз, – деді облыс әкімі.
Өз сөзінде аймақ басшысы акцияға белсене қатысқан еріктілерге, жастарға, ақсақалдарға және түрлі мекеме қызметкеріне алғыс білдіріп, тұрғындарды табиғатты қорғауға, тазалықты сақтауға және игі бастамаларды қолдауға шақырды. Мұнан соң Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев, Көксу аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Сайлау Бәзілов, «Экологиялық еріктілер» ұйымының мүшесі Ұлан Уәлиев сөз алып, мұндай тәрбиелік мәні бар шараның маңызына тоқталды. Артынша ел ағалары бірлесіп, бұлақ көзін ашып, ағаш көшеттерін отырғызды.
Аталмыш шараға қатысушылар да жүзеге асып жатқан акцияға ризашылығын білдірді. Аудандағы «Қазына» балабақшасының қызметкері Дәурен Райымбеков өскелең ұрпаққа қоршаған ортаны аялау мен қамқорлық жасауды барынша сіңіру керегін жеткізді.
– Балаларымызды тазалыққа бейімдесек, қоршаған ортаға қамқорлық жасауға үйретсек, оны сөз жүзіндегі ақыл айту емес, өзіміз істеп үлгімізбен көрсетсек, бұл нәтижелі болады. Бүгінгі шара – соның бір айқын көрінісі. Бұлақ – халқымызда судың басы, тіршіліктің көзі. Сондықтан бұлақты ашу – көктемдегі өте маңызды іс, – дейді аудан тұрғыны.
Экологиялық акцияға ауданның оқушылары да білек сыбана кірісті. Мәселен, Қ. Жалайыри атындағы мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушылары аға буынмен иін тіресіп, көшет егіп, жол бойын күл-қоқыстан тазартты.
Айта кетейік, игілікті іс Көксу ауданымен қатар Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал және Панфилов аудандарында өтіп, бір күнде жалпы саны сегіз бұлақтың көзі ашылды. Бұлақ маңын тазалау мен абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, бір бұлақтың қайнар көзі қалпына келтірілді. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» бастамасы аясында қазіргі таңда «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі республика аумағындағы барлық бұлақ көздерін есепке алу жұмыстарын жүргізуде. Алдын ала мәліметтерге сәйкес бүгінгі күні 711 ықтимал бұлақ анықталып, қор және мұрағат материалдары негізінде 2772 бұлақтың картасы жасақталған. Бұл бұлақтар су ресурстары тапшы кезеңде қосымша су көзі ретінде қарастырылады.
Дастанбек САДЫҚ





