Жетісу облысы ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы табиғи-климаттық әлеуеті мол өңір. Егін және мал шаруашылығы, бау-бақша, жеміс-жидек өсіру, суармалы егіншілік секілді бағыттардың өркендеуі білікті мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Осы тұрғыдан алғанда І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде аграрлық сала мамандарын даярлау өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Агроном – ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін қамтамасыз ететін негізгі мамандардың бірі. Ол топырақ жағдайын зерттеп, тұқым мен дақыл түрін таңдаудан бастап, егістікті күтіп-баптау, тыңайтқыштарды тиімді пайдалану, өсімдіктерді зиянкестер мен аурулардан қорғау, өнімділікті арттыруға дейінгі жұмыстарды ұйымдастырады. Ал бүгінгі агроном дәстүрлі біліммен қатар цифрлық технологияларды, заманауи зертханалық әдістерді және дәлме-дәл егіншілік тәсілдерін меңгеруі тиіс.
Өңірдегі су ресурстарын тиімді пайдалану, топырақ құнарлылығын сақтау, климат өзгерістеріне бейімделу және өнім сапасын арттыру мәселелері де кәсіби мамандардың қажеттілігін айқындай түсуде. GPS-технологиялар, цифрлық мониторинг, автоматтандырылған суару жүйелері мен агродрондар секілді заманауи құралдар ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Осы сұранысқа сай биыл оқу жылында университетте агротехнология бағыты бойынша жаңа білім беру мүмкіндіктері ашылып, студенттер қатары толықты. Оның ішінде халықаралық әріптестікке негізделген қос дипломды бағдарлама ерекше маңызға ие.
2023 жылғы 11 қазанда І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті мен Марке политехникалық университеті (Universitа Politecnica delle Marche) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат академиялық және ғылыми серіктестікті дамытуға, қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыруға, сондай-ақ Жетісу университеті базасында итальяндық университет филиалын ашуға негіз болды.
Ынтымақтастықтың нәтижесінде университеттер 6В08102 «Агрономия» – «Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары» мамандығы бойынша қос дипломды білім беру бағдарламасын іске асыру туралы келісім жасады. Бағдарлама студенттерге екі елдің жоғары білім беру жүйесін ұштастыра отырып білім алуға мүмкіндік береді. Оқуды сәтті аяқтаған түлектерге ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары саласындағы итальяндық және қазақстандық бакалавр дипломдары табысталады.
Халықаралық серіктестіктің тағы бір маңызды нәтижесі Жетісу университеті базасында Марке политехникалық университетінің филиалын ашу. 2024 жылғы 25 қыркүйекте филиалды ашу туралы келісімге қол қоюдың салтанатты рәсімі өтіп, оған Қазақстан мен Италияның білім және ғылым саласындағы өкілдері қатысты. Ынтымақтастықты тәжірибелік тұрғыда жүзеге асыру жұмыстары 2024 жылы басталды. Республикалық бюджет қаражатының қаржылық қолдауы және академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Марке политехникалық университетінің профессорлары Жетісу университетінде білім беру үдерісіне тартылды. Атап айтқанда, PhD докторлары Sara Ruschioni, Luca Mazzoni, Gianluca Brunetti, Simone Piancatelli және Marco Fiorentini студенттерге дәріс оқып, тәжірибелерімен бөлісті.
Итальяндық ғалымдардың жұмысы аудиториялық сабақтармен ғана шектелмей, ғылыми-тәжірибелік бағытта да жалғасты. Олар Жетісу университетінің профессор-оқытушылар құрамымен бірге «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде таныстыру экспедициясына қатысты. Экспедиция барысында аумақтың флорасы мен фаунасының биоалуантүрлілігін зерделеп, бірлескен ғылыми зерттеулердің перспективалы бағыттарын айқындауға мән берілді.
Қос дипломды бағдарлама студенттерге еуропалық мамандардан тікелей білім алып, ауыл шаруашылығы ғылымындағы заманауи тәсілдермен танысуға және халықаралық академиялық ортада тәжірибе жинақтауға жол ашады. Ал бағдарламаға алғаш қабылданған білім алушылардың қазан айында Италияның Анкона қаласында екі семестр бойы білімін жалғастыруы жоспарланып отыр. Университет әкімшілігі студенттердің білім алу траекториясын қалыптастырып, халықаралық оқу үдерісіне бейімделуіне жан-жақты қолдау көрсетуде.
Жетісу университеті мен Марке политехникалық университеті арасындағы әріптестік бүгінде меморандум аясындағы келісімнен нақты білім беру және ғылыми жобаларға ұласқан жүйелі ынтымақтастыққа айналып келеді.
Аграрлық саланың болашағы – білімді, білікті әрі жаңа технологияларды меңгерген мамандардың қолында. Ал халықаралық білім беру бағдарламалары сол мамандардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп, Жетісудың аграрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Бұл бастама өңір жастарына сапалы білім мен халықаралық тәжірибе беріп қана қоймай, Қазақстанның ауыл шаруашылығын заманауи талаптарға сай дамытуға қызмет ететін маңызды қадам болмақ.
Ерлан АНДАСБАЕВ,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті
жаратылыстану-техникалық факультетінің деканы, техника
ғылымдарының докторы





