Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 35 жыл. Осыған орай Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен елде «Рамазан сыйы» атты қайырымдылық марафоны басталды.
Аталған игі шараға атсалысқан Жетісу облысындағы мешіт имамдары аймақта бір мезетте 1000-ға жуық мұқтаж отбасына қайырымдылық жасалғанын жеткізді.
Өңірдің бас имамы Керімбек Дәуітовтің сөзінше, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастырумен өткен бұл жолғы шарада еліміз бойынша бір мезетте 3500 отбасына азық-түлік себеттері таратылған. Осы орайда Жетісу жеріндегі мешіттерде 1000 мұқтаж отбасына көмек көсетіліпті. Олардың арасында тұрмысында қиыншылығы бар көпбалалы аналар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жағдайы төмен отбасының мүшелері, асыраушысынан айырылған жетім-жесір, мүмкіндігі шектеулі жандар бар.
– Қайырымдылық жасау – сауабы мол, қайырлы іс. Рамазан айының құрметіне және діни басқарманың 35 жылдығына орай ұйымдастырылған қайырымдылық марафонында мұқтаж жандарға көмек көрсетілді. Мұндай шаралар жыл соңына дейін жалғасып, барлығы 35 мың отбасыға азық-түлік себеттерін жеткізу жоспарланған. Ал бүгінгі игі іс-шараға мешіт имамдары, «Зекет және қайырымдылық» қорының қызметкерлері мен еріктілері, дін жанашырлары және демеуші азаматтар атсалысты. «Көп түкірсе – көл» деген, осы бір қасиетті айда жасалған жақсылықтарға қол ұшын созған әрбір азаматтың ісіне Алла берекет беріп, сауаптан жазсын!–деді бас имам.
Еске сала кетсек, бүгінде Жетісу өңіріндегі мешіт имамдары тараппынан атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Атап айтсақ, өткен жылғы Рамазан айында өңір мешіттерінен су тасқынынан зардап шеккен халыққа 11 миллион теңгеден астам қаржылай, 56 тонна заттай, 100 мыңға жуық құм салатын қап сынды көмек көрсетілген. Сонымен бірге, аймақтағы «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында мұқтаж адамдарға 14 баспана, балалар үйіне 1 монша, «Мектепке жол» акциясы аясында 1200-ден астам оқушыға қажетті оқу құралдары мен киім-кешек табысталса, білім алушы шәкірттерге 1 миллион 700 мың теңгеден астам ақшалай жәрдем жасалған. «Біз біргеміз!», «Жақыныңа жанашыр бол!», «Жақсылық жасап жарысайық!» сынды акциялар шеңберінде аймақтағы көмекке зәру адамдарға үнемі көмек көрсетіліп, «Ауызашар қоржыны», «Рамазан сыйы» сынды көптеген ізгілікті шаралармен жалғасуда.
Айдын КӘЛІМХАН





