Ауыл мен қала. Екі түрлі өмір салты, өзгеше мүмкіндік. Бірақ шаһар мен елді мекен арасындағы алшақтық бұрынғыдай емес. Жыл өткен сайын жаңа буынның арманы мен талпынысы ауыл мен қаланы біріктіріп келеді.
Ауыл мен қаланың таңы екі түрлі. Бірінде әтештің дауысы, екіншісінде телефонның үні оятады. Ауыл адамы қара жерге дән егіп, табиғатқа жақын болып еңбекпен өмір сүреді. Ал қалада адам уақытқа қарап өмір сүреді. Минутты жоспарлап, асығыс жүреді. Бірақ сол екі түрлі әлемнің ортасында бірдей армандайтын жастар бар. Ауыл мен қаланы салыстырғанда, көп адам мүмкіндікті сөз етеді.
Иә, қалада жақсы мектеп пен үйірме көп, интернет жылдам, көлік қатынасы ыңғайлы. Ал ауылда бәрі қарапайым. Бәріне ортақ мектеп, Мәдениет үйі, кітапхана біреу. Бірақ дәл сол қарапайымдықтың өзінде нағыз өмір мектебі бар. Ауыл баласы еңбекқорлықты, төзімділікті, үлкенге құрмет пен кішіпейілдікті бойына ерте сіңіреді. Қала баласы болса, өзіндік пікір қалыптастыруға, ақпаратпен жұмыс істеуге бейім келеді. Екеуі де өмірді өз тұрғысынан көреді, екеуі де армандайды.
Бала кезден-ақ әркім өз арманының жолын салады. Бірі дәрігер болғысы келеді, бірі журналист, бірі ІТ саласына қызығады. Қаланың баласы бұл арманға қол жеткізуге нақты қадам жасай алады – үйірме, курс, шетелдік бағдарлама, олимпиада. Ал ауылдың баласы көбіне өз бетімен ізденеді. Бірақ дәл сол ізденіс рухани қуатқа айналады. Көптеген танымал тұлға ауылдан шыққанын еске түсірсек, бұл сөздің жаны бар. Олар үлкен еңбектің арқасында елге танылды. Сондықтан арманның биіктігі адамның тұрған жерімен емес, ішкі ниетімен өлшенеді.
Қазір ауыл мен қаланың арасын интернет жалғап тұр. Онлайн сабақ, қашықтан оқу, вебинарлар мен әлеуметтік желілер арқылы жастардың мүмкіндігі теңесті. Ауылда отырып-ақ ағылшын тілін үйреніп, халықаралық байқауға қатысып, өз идеясын әлемге танытуға болады. Яғни, ауыл мен қала арасындағы шекара біртіндеп жойылып келеді. Бастысы – адам өз ортасына тәуелді болмай, өзін дамытуға ұмтылуы. Менің қатарластарымның арасында да ауылдан келген, бірақ қалада білімін жалғастырып жүрген жас көп. Олар бастапқыда жаңа ортаға үйренісу қиын болғанын айтады. Бірақ кейін сол орта олардың өсуіне түрткі болған. Керісінше, қалада өскен кейбір жастар ауылға барып, табиғилық пен тыныштықтан шабыт алады.
Адамның адамнан артықшылығы білімде екенін Абай атамыз айрықша айшықтағанын еске салсақ, қала мен ауыл баласы туралы салыстырып жазып отырған дүниеміздің кілті білім, дүниетаным екенін білуге негіз бар. Шынында да, ауыл баласының артықшылығы – еңбекқорлығы мен табандылығында. Қала баласының артықшылығы – заманауи көзқарасы мен ашықтығында. Егер осы екі қасиет тоғысып жатса, елдің болашағы берік болмақ деп топшылаймын.
Айзере ТЕМІРХАН,
Мұхтар Арын атындағы №24 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы
Талдықорған қаласы





