Ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойы қарсаңында, Жаркент қалалық кітапханасы «Абайдың музыкалық мұрасы» атты әдеби-әуезді кеш ұйымдастырды.
Бұл кеш Абайдың әндері мен өлеңдерінен ғана емес, оның сөз бен саз арасындағы ерекше үндестігін айқындағандай. Кешті кітапханашы Торғын Даулетқазы жүргізіп, сөз құдіреті мен әннің әсемдігін ұштастырып, құнды мұраларды ұлықтау ісін байланыстырып отырды.
Құттықтау сөзін арнаған Ардагер ана Әмина Қадырқұлова Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін жанды дауыста тамылжыта орындап, көкірекке ой салып, жүрекке нұр құйды.
Әскери бөлімнің майоры Бахтияр Байдаулетов та сөз алып, Абайдың 180 жылдық мерекесін ұлықтап, болашақ ұрпаққа ұлы ақынның даналығын жеткізудің маңыздылығын атап өтті. Ол Абайдың қара сөздері мен өлеңдерінің сарқылмас қазына екендігін ескере отырып, жастарды өз еліміздің рухани мұрасына құрметпен қарауға шақырды. Абайдың шығармашылығын игеру – ұлттың тұтас болмысын тану екендігін жеткізді.
Мұнан кейін сазгер Қайрат Қыдырмаев ақынның «Сегіз аяқ» пен «Желсіз түнде жарық ай» әндерін орындап, тыңдармандарды тағы бір мәрте желпінтті. Әуенінен әрбір сөзі мен ырғағынан ұлы ақынның музыка әлемінің асқақтығы аңғарылды.
Ең бастысы, кешке қатысқан Жаркент жоғары педагогикалық колледжінің студенттері, Надек пен Садыр орта мектебінің жас буын өкілдері Абайдың өлеңдерін жатқа оқып, ақынның поэзиясына деген құрмет пен сүйіспеншіліктерін танытты. Рухани шарада жеткіншектердің Абайға деген шексіз ықыласы анық көрінді.
Ұлы ақынның шығармашылық әлемі бізге терең музыкалық үндестік пен шынайы адами сезімнің бастауын ұсынады. «Ұлы даланың – ұлы Абайы» атты айдармен өткен бұл шара Абайдың шексіз шығармашылығын қастерлеуге шақырды. Осылайша, ақынның рухы мәңгілік жасайды, ал оның сөздері мен әндері ғасырлар бойы адамзаттың жүрегіне жол тауып, мәңгілік мұра болып қала береді.
Сәуле ҚҰРМАШҚЫЗЫ,
Жаркент қалалық кітапхананың кітапханашысы
Панфилов ауданы





